Елші сағаты

24 қаңтар, 2020

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті, Түрксой кафедрасы жанындағы «Әзірбайжан тарих және мәдениет» орталығында Қазақстан мен Әзірбайжан халықтары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, түркітілдес халықтарың мәдениетін таратуға демеу жасауға бағытталған «Елші сағаты» өтті.

Оның басты мақсаты – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  университеті мен Әзірбайжан университеттері арасындағы білім және мәдени байланыстарды дамыту. Жиынға қатысушылар мен қонақтар алдында алғысөз айтқан Шығыстану факультетінің деканы PhD докторы Ықтияр Палтөре елші сағатының мақсатымен таныстырып өтті. Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Мамедов студенттерге 1990 жылы орын алған «Қаралы қаңтар» туралы арнайы дәріс оқыды.

Спикердің Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы достық, мәдени диалог туралы пікірлері тыңдаушылар арасында үлкен қызығушылық туғызды. Елші әзірбайжан тілін үйренуге арналған оқулықтар және көркем-әдеби шығармалармен қамтамасыз ету, бірлескен ғылыми конференция ұйымдастыру, студенттердің ғылыми ізденістерімен  айналысуы сияқты ойларымен бөлісті.

Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Мамедов өз сөзін «Әзірбайжан,  Қазақстан, әлемнің барлық халықтары сияқты бейбіт өмір сүретін ел! Біздің түп-тамырымыз бір. Байланыстарымызды үзбеу үшін бәріміз соған күш салуымыз керек. Барлығыңызға денсаулық, береке, бейбітшілік, ынтымақ пен бірлік тілеймін!» деп аяқтады. Студенттер оған әртүрлі сауалдар қойып, тақырыпты қызу талқылады, өзара  пікір алмасты. 3 курс студенті Т.Нұриева «Түбі бір туыс Әзірбайжан елі» атты дипломатиялық презентация ұсынып, 4 курс студенттері С.Каналиева мен Д.Төлегенова Әзірбайжан тілінде отансүйгіштікке арналған жүрек тебірентерлік өлеңдерін оқып берді.

Рашад Мамедов «Елші сағатының» «Әзірбайжанның тарих және мәдениет орталығында» өткізілгеніне ризашылығын білдіріп, ҚазҰУ мен Әзірбайжан университеттері арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға алдағы уақыттарда күш салысатындығын айтты.

Шығыстану факультетінің деканы PhD доктор Ы.Палтөре өз сөзінде, факультетке арнайы уақытын бөліп, студенттермен кездесіп, Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы білім беру жүйесінің дамуына көмек көрсетіп жатқан Әзірбайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Мамедовке ұжым атынан ризашылығын білдіріп, «Алғыс хат» табыстады.

www.kznu.kz