Биылғы жылдың 20 қаңтарында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Шығыстану факультеті, Түрксой кафедрасы жанындағы «Әзірбайжан тарих және мәдениет» Орталығында «Айналаңды нұрландыр» жобасы аясында «Елші сағаты» өтті. Әзірбайжан Елші сағатының мақсаты: Қазақстан-Әзербайжан мемлекеттері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, түркі тілдес елдердің ортақ мәдениетін дәріптеу, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Баку университеттері арасындағы білім және мәдени байланысты дамыту.
Шығыстану факультетінің деканы, PhD доктор Ықтияр Палтөре кіріспе сөзбен елші сағатының мақсатымен таныстырып, келген қонақтар мен қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
ҚР Әзербайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Мамедов Эйнаддиноглу студенттерге 1990 жылы орын алған «Қаралы қаңтар» туралы арнайы дәріс оқып, Әзірбайжан елі мен Қазақстан арасындағы достық, мәдени диалог, әзірбайжан тілін үйренуге арналған оқулықтар және көркем- әдеби шығармалармен қамтамасыз ету, бірлескен ғылыми конференция ұйымдастыру, студенттердің ғылыми ізденістерімен айналысуы сияқты ойларымен бөлісті. «Әзірбайжан – от елі, Қазақстан, әлемнің барлық халықтары сияқты бейбіт өмір сүретін ел! Біздің түпкі тамырымыз бір. Сол тамыр суалмасын, діңгегіміз мықты болу үшін бәріміз де үлкен еңбектенуміз қажет. Барлығыңызға денсаулық, береке, бейбітшілік, ынтымақ пен бірлік тілеймін!» деп сөзін аяқтаған елші, студенттердің сауалдарына жауап беріп, өзара пікір алмасты.
Әзербайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Мамедов «Елші сағатының» «Әзірбайжанның тарих және мәдениет орталығында» өткізілгеніне ризашылығын білдіріп қана қоймай, алдағы уақыттарда ҚазҰУ-і мен Әзірбайжан университеттері арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда ат салысатындығын атап өтті. Елші сағатына арналған іс-шарада 3 курс студенті Т.Нұриева «Түбі бір туыс Әзірбайжан елі» атты дипломатиялық презентация ұсынып, 4 курс студенттері С.Каналиева мен Д.Төлегенова әзірбайжан тілінде отансүйгіштікке арналған жүрек тебірентерлік өлеңдерін оқып берді.
Мемлекеттердің өзара ынтымақтастығын нығайтуда маңызды орын алатын елшілік қызметі кез-келген мемлекеттің сыртқы саясатында зор жауапкершілік ие. Сол себепті факультетке арнайы уақытын бөліп, студенттермен кездесіп, Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы білім беру жүйесінің дамуына ат салысып келе жатқан Әзірбайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Мамедовке Шығыстану факультетінің деканы PhD доктор Ы.Палтөре, ұжым атынан ризашылығын білдіріп, «Алғыс хат» табыстады.
Ф.ғ.к Кортабаева Г.К.. Монтанай Э.Ә.
Түрксой кафедрасы
Шығыстану факультеті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ