әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Цукуба Университеті арасындағы «Campus-in-Campus» (CiC) меморандумына қол қойылды

28 қаңтар, 2020

2019 жылы 19 қыркүйекте Цукуба Университеті (Жапония) мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті (Қазақстан) арасында «Campus-in-Campus» Меморандумына қол қою рәсімі өтті.

Қол қою рәсіміне Цукуба университетінің атынан Халықаралық байланыстар жөніндегі проректор, профессор Кэролайн Бентон, Халықаралық бөлім басшысы, профессор Теруо Хигаси, профессор Масаки Оно, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарапынан ректор, профессор, академик Ғ.М. Мұтанов, ғылым және халықаралық қатынастар жөніндегі проректор, профессор Т.С. Рамазанов, оқу ісі жөніндегі проректор А.Қ. Хикметов, шығыстану факультетінің деканы, PhD Палтөре Ықтияр, шақырылған профессор Такаши Ниномия және де басқалар қатысты.

Бұл күні QS Worldwide (https://www.qsworldwide.org/kazakhstan-2019/) конференциясы аясында университеттің орталық кітапханасының мәжіліс залында екі университет арасындағы мәдени және ғылыми алмасуларға шолу жасалды. Рәсімді ҚазҰУ ректоры, Ғ.М. Мұтанов: «2015 жылдың ақпан айында «Campus-in-Campus initiative» туралы меморандумға қол қойғаннан бері Цукуба университетінің делегациясы университетімізге бірнеше рет келіп, біздің тарапымыздан ҚазҰУ делегациялары Цукуба Университетінде болып қайтты. Соның нәтижесі ретінде бүгінгі маңызды құжатқа қол қою рәсімінің орын алғанына қуаныштымын. Болашақта меморандумның мазмұны бұзылмай, екі университет арасындағы қарым-қатынастың жемісті болуы үшін біз өзара атсалысамыз» деген сөздерімен жалғастырды. Ректордың сөзін Цукуба Университетінің проректоры Бентон Кэролайн ханым жалғастырып, өзінің сөзінде «ҚазҰУ-ды бүгінгі QS аясында өткізіліп жатқан халықаралық іс-шараларымен шын жүректен құттықтаймын! Қазіргі уақытта Цукуба университеті «Image the future» деген өзінің жаңа слоганымен Университетті өзгерту үшін үлкен жұмыс жасауда. Осы слоган арқылы Университет құрылымын қайта ұйымдастыруды, интернационализацияны ілгерілетуді, ағылшын тіліндегі бағдарламаларды енгізуді қарастырудамыз. Осы жылғы QS конференциясының «Journey to Global Prominence: Harmony of Human Heritage and Advanced Technology» атты тақырыбы біздің университетіміздің слоганымен үйлесім тапқандығы мені қатты қуантады» деген сөздерімен рәсімдеу салтанатын аяқтады.

Ынтымақтастық туралы осы меморандум аясында «Жапон тілін оқыту және Орталық Азияны зерттеудегі» гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдармен алмасу арқылы көптеген салаларда ғылыми-зерттеу және білім алмасуын дамыту жоспарлануда.