Ақордада өткен отырыс

13 ақпан, 2020

Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Абайдың 175 жылдық және Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиялардың отырысы өтті.

 Отырысқа қатысушылар Қордай ауданында қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтты, қалыптасқан жағдайдың тезірек тұрақтануына тілекестік білдірді.

Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы Абайдың 175 жылдығы мен әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеудің бастапқы салтанатты рәсімдері Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өткізілгенін атап өтті.

Ол сондай-ақ, ұлы ойшылдар Абай мен әл-Фарабидің ұлағатты мұраларын зерделей келе, олардың ізгілік идеяларының түпкі негізі елдің бірлігі мен ынтымағымен үндесетініне тағы да көзіміз жетіп отырғанын атап өтті. Абай өзінің «толық адам» тұжырымын мұра етсе, әл-Фараби «бақытқа жету жолында бір-біріне қол ұшын беретін қоғам – қайырымды қоғам» деген өсиетін қалдырды. Абай мен әл-Фараби қалдырған әділеттілік пен қайырымдылықтың өнегелік мұраттары Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ түретін мемлекет» атты осы заманғы тұжырымдамасымен үйлеседі.

Комиссия отырысында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың халыққа Жолдауы мен «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында жаңа міндеттердің, оның ішінде мерейтойлық іс-шаралардың бағдарлары нақты белгіленгене ерекше назар аударылды. Аталған тапсырмалар аясында мемлекеттік комиссиялар мүшелері мен мемлекеттік органдар Абай мен әл-Фарабидің рухани мұраларын насихаттау бойынша зиялы қауым мен отандастарымыздың бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланған пікірлері мен ұсыныстарын ескеруі тиіс.

Отырыста Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың, Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің, Ақпарат және қоғамдық келісім министрі Д.Абаевтың, Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Е.Садықовтың, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтановтың есептері тыңдалды.

Жиын соңында орталық және жергілікті атқарушы органдарға мерейтойлық іс-шараларды өткізуде ысырапшылдыққа жол бермеу, оларды жоғары идеялық және нақты құндылықтармен қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді.

Фото: https://www.inform.kz/

www.kaznu.kz