Орталық Азиядағы инженерлік білім беруді жаңғырту
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Цифрландыру жағдайында Орталық Азия өңірінде инженерлік-техникалық білім беруді жаңғырту» атты халықаралық конференция өтті.
Іс-шараны Қазақстан инженерлік білім беру Ассоциациясының (KazSEE) инженерлік білім беру саласындағы аккредиттеу бойынша Еуропалық желісімен (ENAEE) бірлесіп ұйымдастырды. Оның жұмысына Қазақстанның және Худжанд келісімі елдерінің жоғары оқу орындары қатысты.
«Халықаралық аккредиттеу жүйесіне шолу. Инженерлік білім беру сапасын қамтамасыз ету әдістері» тақырыбында ENAEE вице-президенті Ж. Квадрадо негізгі баяндама жасады. Инженерлік білім қауымдастығының Орталық Азия федерациясының президенті Д. К. Сулеевтің «Орталық Азия аумағында Худжанд келісімін жүзеге асыру мәселелері мен перспективалары» атты презентациясы да үлкен қызығушылық тудырды.
Тәуелсіз аккредиттеу бойынша жұмыс тәжірибесімен Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан аккредиттеу агенттіктерінің өкілдері бөлісті. Конференция қатысушылары инженерлік білім беру саласындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Мысалы, сарапшылардың жалпы базасын құру, стандарттарды аймақ елдерінің ұлттық заңнамаларымен үндестіру, «EUR-ACE Label» сапа белгісін беру құқығы және т. б..
Кездесу қорытындысы бойынша Худжанд келісімінің идеологиясын сақтап, Орталық Азиядағы ынтымақтастық аясын кеңейту және бұл үшін аккредитациялаумен айналысатын түрлі мекемелер мен бизнес-құрылымдарды тарту туралы шешім қабылданды.
Конференцияда талқыланған маңызды мәселелердің бірі Орталық Азия инженерлік білім қоғамдастықтарының Федерациясы президентін сайлау болды. Бұл лауазымға 4 жыл мерзімге сейсмология институтының директоры академик Д. Сүлеев (Қазақстан) сайланып, сондай-ақ қатысушылар хатшылық туралы ереже және басқа да нормативтік құжаттар қабылдады.