Ұлттың үнжариясы - «Qazaq radiosy»: ынтымақтастықтың жаңа кезеңінде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және «Қазақ радиолары» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов және «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Ернұр Көшерханұлы Бурахан, «Қазақ радиолары» ЖШС продюсері Мұхамедияр Рашай, «Qazaq radiosy» Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы Құтпанбев, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек, ҚазҰУ ТРК директоры Д.М. Мұхамеджанов, кафедра меңгерушілері Г.С.Сұлтанбаева, А.Ә. Рамазанова, Н.Т.Шыңғысова, «Әл-Фараби» радиосының жетекшісі К. Кабылғазина қатысты.
«Qazaq radiosy» 100 жылдығы қарсаңында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Алматы студиясында кафедраның өндірістік базасы мен журналистика факультетінде «Qazaq radiosy» орталығы ашылуы, сондай-ақ студенттік «Сана» орталығының жұмысын жандандыру сияқты іргелі бастамалар талқыланды. Соңғы жылдары факультет студенттері «Әл-Фараби» радиосында «Qazaq radiosy», «Shakgar» радиолары эфирінде студенттік «Ұшқын», «Жастар үні» бағдарламаларын дайындап келді.
ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы радионың жастарды тәрбиелеудегі этика құралы ретінде, ұлттық сана қалыптастырудағы орнын ерекше атады. Оқу процесіне «Бұқара алдында сөйлеу өнері», «Сөйлеу мәнері» пәндерін әлеуметтік, гуманитарлық бағытта оқу жоспарларына енгізу, кеңінен оқыту туралы ұсыныстар аталды.
«Әл-Фараби» студенттік радиосының мазмұнын жаңарту жолдары сарапталды. «Qazaq radiosy», «Shakgar» радиолары форматын жаңаша ұйымдастыруды қолға алған радио басшысы Ернұр Көшерханұлы «Алтын қордағы» аудиоматериалдарды оқу барысында пайдалану жайлы ойларын айтты. Факультет ғалымдары радиожурналистиканың ғылыми негіздерін зерттеу жобаларына тартылып, радио мамандарына арнайы біліктілікті арттыру курс ұйымдастырылады.
Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы