18.02.2010 ж. № 14 Студенттер үйінде Қиыр Шығыс кафедрасының жапонтану бөлімінің 2 курс куратор-эдвайзері «Дұрыс тамақтану мәдениеті» тақырыбында іс-шара өткізді.
Атақты ежелгі грек емшісі Гиппократ айтқандай: «Адамның көптеген ауруларының пайда болуы оның қалай тамақтануымен тікелей байланысты». Студенттердің тамақтану сапасын зерттеу нәтижесінде көптеген қазақстандық студенттер дұрыс тамақтанбайтыны анықталды. Алматыдағы қазіргі студенттердің күнделікті тамақтану мәдениетін зерттеудің бастамашысы «Аман-Саулық» Қоғамдық Қоры болды. Тамақтануды зерттеуге университеттер мен колледждердің студенттері, соның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері қатысты. Зерттеу нәтижелері бойынша университет студенттерінің 40 пайызға жуығы тез тамақтануды ұнататыны анықталды. Тамақтану үшін тамақ өнімдерін таңдағанда, басты назар сапа мен құрамға қарағанда дәм мен арзан болуына аударылатын көрінеді. Студенттердің үштен бірі дұрыс тамақтану қағидалары туралы хабардар емес. Студенттердің дұрыс тамақтанбауының нәтижесінде оларда асқазан-ішек жолдарының аурулары пайда болады. Асқазан-ішек ауруларына университет студенттерінің шамамен 40 пайызы шалдыққан.
Кураторлық сағат студенттердің дұрыс тамақтану туралы түсініктерін қалыптастыруға арналды. Біздің денсаулығымыз, өмір сүру ұзақтығымыз және иммунитетіміз дұрыс тамақтанумен тікелей байланысты. Болашақта ауруға шалдықпау үшін бүгіннен бастап дұрыс тамақтануға көңіл бөлу керек.