Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ РОӘК секциясының кезекті мәжілісін өткізді

3 ақпан, 2011

28 қаңтарда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның жоғары оқу орындары проректорларының қатысуымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдар мамандықтары секциясының кезекті мәжілісі өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Мұтанов Ғалымкайыр Мұтанұлы басқарып отырған РОӘК секциясы қазіргі таңда еліміздің басты 22 жоғары оқу орынын біріктіріп, республикамыздың 117 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарына жетекшілік етеді.

Мәжіліс барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры М.М. Бүркітбаев «Классикалық университеттің зерттеу университетіне айналуы» атты тақырыпта баяндама жасады.

Оқытудың модульдік жүйесі мен біліктілік тәсілі негізіндегі жаңа ғылыми жобалауға айрықша көңіл бөліген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқу-жұмысы жөніндегі проректоры М.К.Орынханов пен академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Г.Т. Балақаева жасаған «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы жаңа экспериментальды білім беру бағдарламалары» атты баяндама мәжіліске қатысушылардың қызығушылығын тудырды.

Мәжілісте бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын іске асыруда ЖОО аралық және халықаралық даму ынтымақтастығы, ЖОО-лар мен РОӘК секция мүшелерінің арасында академиялық мобильдену мәселелері талқыланды, жазғы семестрге студенттердiң белсенді қатысуын жүзеге асыру механизмдері ұсынылды.

Сондай-ақ, мәжілісте РОӘК грифін алуға 8 оқулық және 52 оқу құралы ҚР ҒБМ бекітуге ұсынылды.

Оқулықтар мен оқу-құралдарының сапасын жоғарлату бағытында мамандықтар бойынша ішкі секциялар мен оқу-әдістемелік комиссиялар жұмыстарын күшейту туралы шешім қабылданды.

Мәжіліс барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің инновацияларына көрме ұйымдастырылды. Көрмеде «Универ» жүйесі, оқыту бағдарламалары, Moodle қашықтықтан оқытудың платформалары, кітапхананың электрондық ресурстары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамының оқу-әдістемелік, ғылыми әдебиеттері және автоматтандырылған оқыту бағдарламалары қойылды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі