Зерттеу университетіндегі педагогикалық тенденциялар қаралды

8 ақпан, 2011

Студентті оқытып, маман даярлау үшін оқытушы алдымен оқу үдерісінің дұрыс жүргізілуін жетік меңгеруі керек. Бұл тұста педагогикалық қабілеттілік пен ұстаздық өрелік қажет. Мұндай кәсібилікке бірден бір себеп болатын орта педагогикалық кафедра. Философия және саясаттану факультетінің жалпы және этникалық педагогика кафедрасының 70-жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған алқалы жиын осы қағиданы дәлелдей түсті.

“Классикалық және зерттеушілік университеттердегі педагогика: даму келешегі, болмысы және тенденциялары” тақырыбындағы дөңгелек үстелге п.ғ.д., А.И.Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры С.Ю.Трапицын, ҚР Педагогика ғылымдары академиясының президенті, Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық университеті педагогика кафедрасының меңгерушісі, профессор А.Құсайынов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті педагогика кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор Л.Керімов, Білім беру жүйесі басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын Республикалық институттың директоры, профессор Г.Ахметова бастаған педагог ғалымдар мен кафедраның ардагер ұстаздары қатысты. Дөңгелек үстелдің алғы сөзін алған философия және саясаттану факультетінің деканы Ақтолқын Тұрлыханқызы келген қонақтарға алғысын жеткізіп, жалпы және этникалық педагогика кафедрасына деканат атынан ноутбук сыйға ұсынды. Факультет деканы Ақтолқын Құлсариева: “Ардагер ұстаздарымызды осы факультеттің киесі деп санаймыз. Сіздер маман даярлауда ізгі жол қалыптастырып бердіңіздер”, - деген лебізімен бөлісіп, талай жылдар бойы аталмыш кафедрада еңбек етіп, маман тәрбиелеуде аянбай тер төккен ардагер педагогтарды “Құрмет граммотасымен” марапаттады.

Дөңгелек үстелде “Қазақстандағы педагогикалық ойлардың дамуына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ педагог-ғалымдарының қосқан үлесі”, “Педагогика кафедрасының қалыптасып, дамуына тарихи шолу” сияқты бірнеше тақырыптарда баяндамалар оқылып, педагогтар жиын барысында ой-пікір алмасты.

“Бұл кафедра жастарды тәрбиелеуде өте жоғары маңызға ие. Болашақ маманды қалай оқыту керек, студент бойына қандай қасиеттерді сіңіріп, нені үйретуді басты назарға ұстаған жөн деген сияқты тәрбие сауалдарына жауап беретін бірден бір орта – осы кафедра. Бұл кафедраға бүгін 70 жыл толып отыр. Осы ғұмырында педагогика саласында білікті мамандар даярлап, республикалық, әлемдік деңгейде ғалымдар қалыптастырды. Бұл кафедра тәрбие саласына аса мән қояуымен құнды”, - деп пікір білдірген Білім беру жүйесі басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын Республикалық институттың директоры Гүлнас Кенжетайқызы аталмыш кафедраның педагогика саласында тұңғыш болып магистранттарды қанаттандырғанын ерекше мақтанышпен айтты. Осы кезекте аталмыш кафедраның өткені мен келешегін бір саралап алған отандық ғалымдарға үн қосқан ресейлік профессор Сергей Трапицын: “Қазақстан – ұлы Абайдың Отаны. Қазақ елі – бай мәдениетке, зор интеллигент пен рухани мұраға толы ел. Сондай-ақ, Қазақстан әрқашан өзінің ғалымдарын мақтан тұтатындығымен ерекшеленеді. Мен қазақ еліне өте жоғары баға беріп, үздік бағалаймын”, - деген педагогикалық пікірін білдірді.

Дөңгелек үстел ҚазҰУ-дың классикалық үлгіден зерттеу университетіне айналу жолында ұстануға тиіс педагогикалық тенденцияларын бір айқындап бергендей болды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі