Ректорат нені қарады?

8 ақпан, 2011

7 ақпан күнгі ректораттың кезекті отырысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұжымдық мәдениетті арттыру жолдары мен білім беру саласын ізгілендіру тетіктерін қарастырды. Осыған байланысты, басты баяндаманы философия және саясаттану факультетінің деканы Ақтолқын Құлсариева жасады.

Гуманитаризация – пісіп-жетілген жеке тұлғаның қалыптасуына апаратын бірден-бір дамыған бағыт. Білім беруді ізгілендіруінің құралдары: білім беру саласын гуманитаризациялау; пәнаралық байланыстарды дамыту; білім беру жүйесін қалыптастыру; гуманистік идеалға сәйкес жеке тұлғаның еріктілігі; әлеуметтік әділдік және адами құндылықтар болып жіктеледі. Осы орайда, философия және саясаттану факультетінің деканы Ақтолқын Құлсариеваның «Ұжымдық мәдениеттегі білімнің гуманитаризациясы» атты баяндамасында білім беру саласын ізгілендірудің басты басымдықтары қаралып, корпоративті мәдениетті көтеру мәселері жан-жақты ортаға салынды. Жоғарыдағы мәселелер білім беру саласын ізгілендіруде атқарылар іс барысында айрықша назарға алынбақ.

Тақырыпқа тұздық ретінде Тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева білім гуманитаризациясына қатысты атқарылатын шаралар жобасын таныстырып өтті. ҚазҰУ-дағы білім гуманизациясы мен гуманитаризациясы аясында, гуманитарлық ортаның қалыптасуы, студенттердің қоғамдық және спорттық қызығушылықтарын арттыру, рухани өнеге, патриоттық тәрбиені ілгерілету бағытында әл-Фараби мұражайын дамыту секілді т.б. бірқатар күрделіліктер жобада жан-жақты қамтылды. «Студенттік өзін-өзі басқаруды жан-жақты қолдау, студенттерді тарта отырып, оқу конференцияларын өткізу, жыл сайын факультетаралық гуманитарлық оқулар өткізу, ҚазҰУ студенттері оқитын міндетті саналатын гуманитарлық әдебиеттер тізімін жасау, ҚазҰУ және ондағы оқытушы имиджін жақсартуда «Өнегелі өмір» сериялы үздік оқытушылар өмірі туралы кітаптар мен деректі фильмдер шығару жоспарда бар» - деді проректор Шолпан Жаманбалаева.

Ректораттың келесі бөлігінде сөз алған бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев классикалық университетті ұлттық зерттеу университетіне айналдыру бағдарламасымен таныстырды. «Зерттеу университеті бұл білім, ғылым және инновациялық өндірісті заманауи интеграциялау қалыбы» деген бірінші проректор әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды Ұлттық зерттеу университетіне айналдыру барысында назарға алынатын басты мақсат-міндеттер туралы сөз етті.

P.S. Ректорат мәжілісінің соңында Мюнстер қаласындағы Вестфальдық Вильгельм университетінде лекция оқып қайтқан тарих факультеті дүниежүзілік тарих кафедрасының меңгерушісі Қалқаман Жұмағұлов іс-сапарының есебі тыңдалды. Тыңдаушыларды баяндамадағы Вильгельм университетінің ғылыми-зерттеу жұмыстары мен құрылымдық ерекшеліктері қатты қызықтырды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі