Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің қытайтану кафедрасы жанынан құрылған «Жас қытайтанушы» үйірмесінің жетекшілері «Жас ғалым мінбері» тақырыбында факультет студенттері мен жас ғалымдардың кездесуін ұйымдастырды.
Келелі кездесуге қонақ ретінде Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжігіт Әлібекұлы, түркі халықтарының мифологиясын зерттеп жүрген ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақеділ Тойшан және филология ғылымдарының кандидаты, доцент, институттың жетекші маманы Ұлан Еркінбаев қатысты. Қатысушылар бас қосуда қазақ ғылымының қазіргі жай-күйі, болашақ бағыты сияқты өміршең тақырыптар қозғалды. Шығыстану факультетінің түлегі Ақжігіт Әлібекұлы өзінің беташар сөзінде ғылымның қоғам өмірінде алатын маңызды орнына тоқталып, қазіргі білім беру жүйесіндегі ғылыми ізденістің көптеген түйткілдерін тілге тиек етті. Ақеділ Тойшан ғылыми жұмыспен айналысудың қыр-сырын ашып, жиналған жастармен өз тәжірибесі негізінде бірқатар мысалдар келтірді. Оның зерттеу жұмысы қазақ және моңғол мифтерінің арақатынасы мен өзара байланысына арналған. Ұлан Еркінбаев Әдебиет және өнер институтының Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақыттағы қазақ жастарының арасында Ресей аспирантурасында ғылыми біліктілігін жетілдіріп, әдебиет теориясынан кандидаттық диссертация қорғаған алғашқы жастардың бірі.
Ғалым ағалар жастарға жанашырлығын байқатып, болашақтарының жарқын болуына тілеулес екендігін айтты. Бұл бас қосу адамдық құндылықтар, адамгершілік негіздері туралы өнегелі ойлармен өріліп отырды. Кездесуге өзіндік леп қосқан 1-2 курс студенттері өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, білімдерін тың деректермен байытты. Қонақтар алдағы уақытта ғылым жолын қуып жүрген жастарға қолдау көрсету мақсатында қоян-қолтық жұмыс істеуге әзір екендігін айтып, жастардың болашақ ізденістеріне сәт сапар тіледі.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі