ШОҚАЙТАНУШЫ ЖАС БУЫН ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, докторанттар, магистранттар мен студенттер Ыстамбұл қаласында орналасқан Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Абдіуақап Қарамен бас қосты.Бас қосудытарих факультеті ұйымдастырды.
Кеңес үкіметі билеген тұста ашылмаған тарихи шындық, сол үшін күрескен ұлт зиялылары еліміз егемендік алғаннан кейін ақтала бастады. Профессор Абдіуақап Қараның зерттеулері Алаш Орда ісін жалғастырушы, Түркістан автономиясын құруға идея салған ұлт зиялысы Мұстафа Шоқайдың өмір жолына арналған. Ғалым зерттеулері шетел асып, басқа мемлекеттерде кеңінен танылып жүр. Мұның өзі отандық тарих ғылымын дамытуға үлкен үлес екені даусыз. Сондай-ақ, ол 2010 жылы Францияда Мұстафа Шоқай ескерткішінің ашылып, демалыс саябағына біртуар перзентіміздің есімінің берілуіне де зор еңбек сіңірген.
"Биылғы жылдың "Тәуелсіздіктің 20 жылдығы" деп жариялануына орай, осындайіс-шаралар мерейімізді үстем ететіні анық. Сонымен қатар,тәуелсіздігіміз үшін күрескен ұлт зиялыларының шетелде де танылуы еліміз үшін үлкен абырой болмақ. Бұл жөнінде келешек ұрпақтың білгені абзал. Сондықтан, мұндай шаралар жас буын өкілдерімізді тәрбиелеуде зор маңызға ие"дейді ұйымдастырушылар.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі