Қазақстан сот жүйесінің негізін қалаушысын еске алуға арналады
10 қазан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унверситеті заң факультетінің сот билігі және қылмыстық іс жүргізу кафедрасы Қазақстан Республикасында сот билігі ғылымының қалыптасуы мен дамуының ірге тасын қалаушылардың бірі - заң ғылымдарының докторы, профессор Кәлимолла Халиқұлы Халиқовтың 70-жылдығына және заң факультетінде оның атындағы аудиторияның ашылуына арналған «Қазақстан Республикасында сот билігінің қалыптасуы мен дамуының өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізеді.
Конференция жұмысының негізгі бағыттары:
1. Профессор К.Х. Халиқовтың Қазақстан Республикасында сот билігі ғылымының дамуына қосқан үлесі;
2. Қазақстан Рспубликасының ұлттық сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуының кезеңдері;
3. Сот қызметін жетілдірудің өзекті мәселелері;
4. Сот ісін жүргізу барысында жеке тұлғаның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етудің мәселелері.
Конференцияның жұмысына Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор И.И. Рогов, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты М.Т. Әлімбеков, ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттар әкімшісінің төрағасы И.Қ. Елекеев, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор С.С. Сартаев, Алматы қалалық сотының төрағасы Т.Е. Барпибаев, сондай-ақ Қазақстанның және алыс, жақын шетелдің атақты ғалым-заңгерлері қатысады.
Конференцияның Қазақстан Республикасының сот және құқық қорғау органдары үшін, әсіресе сот-құқықтық реформаның алдағы бағыт-бағдарларын анықтау үшін маңызы зор.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі (247-05-67)