Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы аясында студенттік бизнес-инкубаторлардың инновациялық жобаларының жыл сайынғы байқауы өтті. Қашықтықтан өткен бұл шараға көптеген университеттердің жас ғалымдары қатысты. Олардың қатарында ҚазҰУ-дың өкілдері де болды. Байқауға қатысқан механика-математика факультетінің жас ғалымдары үш бірдей жоба ұсынды.
Бірінші жоба - «Smart Sity» бағдарламасы аясындағы ақылды үй құрылғысы болды. Авторлардың айтуынша мұндай үйді басқарудың жүйесі бір құрылғымен қашықтықтан бақылану арқылы оның қауіпсіздігі арттырылады және тұрғындар үшін аса жайлы.
Сондай-ақ механик-математика факультетінің оқытушылары Берік Сағитжанов пен оның жетекшісі Бекзат Аманов 3D-технология көмегімен нейрондық датчик арқылы басқарылатын "бионикалық қол" атты екінші жобаны ұсынды. Арнайы шығарылған нейронды протез мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын арттыруға арналған.
Тағы да бір жобаны 2 курс студенты Бауыржан Убайдуллаев мен оқутушы Берік Сағитжанов дайындады. Олар төтенше жағдайға арналып бағдарламаланған өрмекші роботты шығарды. Ақылды робот жер сілкінісі, жарылыс салдарынан ғимараттардың, шахталардың қирауы салдарынан жер астында көміліп қалған адамдарды таба алады. Олар жүрген жол картасын сызып, адамның нақты жатқан жерін белгілеп береді. Әділқазылар алқасының шешімімен «Нейронды протез» жобасы үздік деп танылды.