“Әл-Фарабидің қайырымды қаласы” атты халықаралық вебинар
Дінтану және мәдениеттану кафедрасы, “Исламтану” мамандығының 1-курс докторанты Есдәулет Ергелді қонақтарға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және оның бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырғаннан кейін Әбу Насыр әл-Фарабидің “Қайырымды қала тұрғындары” кітабына шолу жасады.
Келесі сөз кезегін алған индонезиялық фарабитанушы Уахюди Рахман “Әл-Фарабидің Қайырымды қаласы мен Плотонның Республикасы” тақырыбында баяндама оқыды. Уахюди Рахман екі еңбекті салыстыра келе, әл-Фараби еңбегінің ерекшеліктеріне тоқталды. Біріншіден, әл-Фарабидің қайырымды қаласында “пайғамбар" түсінігінің болуы аталса, екіншіден қоғам құрылымын ерекше әдіспен сипаттауына баса назар аударды. Әл-Фарабидің қоғам мен қала құрылымын адам денесіне теңеуі кез-келген адам түсінетін деңгейге келтіруі екеніне тоқталды. Өйткені абстрактты философиялық концепцияларды қарапайым халықты былай қойғанда, білімді адамдардың өзі оңайшылықпен түсіне қоймайтынын атап өтті. Сонымен қатар ол баяндамасын әл-Фарабиді зерттеуде бір жақты болмау керектігін, оның еңбектерінің жан-жақты қарастырылуының маңызын түсіндіре отырып қорытындылады.
Келесі баяндамашы әл-Әзхар университеті, философия мамандығының түлегі, сингапурлық зерттеуші Мустафа Рослан “әл-Фарабидің қайырымды қаласы утопия емес пе?” деген сұрақ төңірегінде әңгіме өрбіте отырып,
“Ең алдымен Ибн Халдунның өзі әл-Фарабидің бұл еңбегіне күнделіті өмірден жырақтау деп баға бергенін ұмытпауымыз керек. Бірақ заман тез өзгеріп жатыр, бүгін алыс нәрсе ертең жақын болуы әбден мүмкін. Мысал ретінде әл-Фарабидің музыка жайлы көзқарастарын алсақ болады. Мың жыл бұрын айтылғанымен, қазіргі таңдағы медицина музыканы терапия ретінде қолданып отыр. Ал оны математикалық есепке салу арқылы аурудың деңгейі мен түріне қарай ем тағайындауға болатыны жасырын емес. Тіпті рак клеткаларымен күресуде музыканың әсері зерттелуде” - деген тың ойларымен бөлісті.
Вебинарды Малайзия Ислам университетінің докторанты Су Сан Мия жалғастырды. Ол әл-Фарабидің бұл еңбегі өзінің диссертациялық зерттеу тақырыбы “плюрализммен” тығыз байланысты екеніне тоқталып, жоғырыда келтірілген ақпараттардың өз диссертациясы үшін құнды дерек болғанын жеткізді.
Сонымен қатар вебинарға кафедраның профессоры, философия ғылымдарының докторы Борбасова Қарлығаш, дінтану мамандығының студенттері, шетелдік қонақтардан сингапурлық Ахмад Нуман, индонезиялық Абдул Басит қатысып, өз сұрақтары мен ойларын ортаға салды. Вебинар қазақ, ағылшын және араб тілдерінде өтті.
Халықаралық деңгейде өткен іс-шара соңында дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Құрманалиева Айнұр Дүрбелеңқызы: “Нағыз ғылымға берілген адамдар қиындықтан қорықпай, ғылым жолына өз адалдығын сақтайды. Ғылым жолындағы ізденістеріңізге табыс тілеймін. Мына әлемдік індеттен аман шығуымызды Алла нәсіп етсін”- дей отырып, шетелдік спикерлер мен барлық қатысушыларға үлкен алғысын білдірді.
Дінтану және мәдениеттану кафедрасы,
“Исламтану” мамандығының
1-курс докторанты Есдәулет Ергелді