Әлеуметтік жаңару сатылары тәрбиеден басталу керек
16 ақпанда Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында “Қазіргі заман жастарына рухани-адамгершілік және партиоттық тәрбие беру: тәжірибе, мазмұн, даму болашағы” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласы әкімшілігі, Алматы қалалық Ардагерлер кеңесі және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өткен бұл рухани жиын Елбасының биылғы Жолдауында көрсетілген әлеуметтік жаңғыру бастамасын жетілдіріп, интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы білім және ғылым саласын дамытуды алға қойды.
Ардагерлер кеңесі, ел қалаулылары мен еліміздегі жоғары оқу орындары басшылары, орта мектеп өкілдері, әскери сала қызметкерлері өзара пікір алмаса отырып, ұлт зиялылары, Алаш арыстары, қоғам көсемдерінің бастап кеткен адами қасиеттер құндылығын жаңғыртуды назарға алды.
Конференцияда “Қазақтың ренессанс ғасыры” деген тақырыпта баяндама оқыған сенатор, академик Ғарифолла Есім: “Ренессанс жаңғыру, жаңару деген сөз. Қазақтың Ренессанс ғасыры дегенде біз қазақтың жаңа, жаңғырған ғасыры туралы сөз айтпақпыз. ХХІ ғасырда халқымыздың қандай құндылықтары жаңарды десек, бірден айтарым, басты құндылық, ол Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген, бүгінде жиырма жастың арғы-бергісіндегі жас ұрпақты, яғни студент қауымды айтпақпыз. Сіздер қазақ елінің Ренессанс ғасырын бастаушысыздар, сіздер Ренессанс ұрпақсыздар. Сіздер тәуелсіз қазақ елінің бағы мен құтысыздар”, - деп жастарға бабадан мирас қалған тәрбие жауапкершілігін бір сезіндіртіп алып: “Алдымыздағы 2020 жылдары сіздер отызды толтырып, “орда бұзатын” жасқа жетіп, стратегиялық бағдарламаға сай, 2030 жылы “қамал алаты” қырық жасқа келесіздер, яғни ел билігіне ие боласыздар. Олай болса, біздің қоғамның басты мәселесі бүгінде жиырма жас шамасындағы жас ұрпақтың түсінігін, тілегін, арманын, білімін, көзқарасын, ең бастысы, оның Қазақ еліне деген патриоттық сезімін тәрбиелеп, қалыптастыру”, - деді. Сонымен бірге ұрпақтар сабақтастығы қазіргі күннің басты мәселесі екендігіне тоқталған сенатор бабалардан келе жатқан игі рухани мұраны жандандыру барысында ұрпақ легі деген ұғымды ұмытпауды ұсынды. 2030 жылы ел билігі тұтқасына тәуелсіздік жылдары дүниеге келген ұрпақ легі ие болмақ. Ендеше олардың құндылықтарды игеріп, өз елінің патриот азаматы болуға тәрбиелеуді бүгіннен бастап жандандыруымыз керек деген түйін айтты.
Осы орайда адам капиталын басты назарға алған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы: “Бүгінгі заман жастарын тәрбиелеу – болашаққа бағытталған үрдіс. Рухани тәрбиемен нұрланбаған жас өзінің алған білімін қара басының пайдасына жұмсап, өз мүддесін ғана ойласа, онда ол ешқашан елінің өркендеуіне үлес қоса алмайды. Сондықтан рухани тәрбиені ұлттық тәрбиемен ұштастыру елдік сананы қалыптастыру үшін қажет. Үстіміздегі жыл – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы Еркіндік, Бірлік, Тұрақтылық және Гүлдену сынды ортақ құндылықтарға негізделеді деген болатын Елбасы. Шын мәнінде тәуелсіздік дегеніміздің өзі ұлттық мәдениеттің сақталуы және халыққа рухани қызмет ету әлеуеті емес пе?! Үстіміздегі жылдың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында Президент Н.Ә.Назарбаев қоғамның адами капиталын жетілдіретін әлеуметтік жаңғыру идеясына басты назар аударды. Қоғам мен өмір сапасын арттыруды көздеген әлеуметтік жаңғырудың бірден бір тиімді тетігі білім беру саласымен байланысты, өйткені адамның тұлғалық толысуы барысында жоғары оқу орнының алатын рөлі айрықша. Ендеше, біз бүгінгі көтеріп отырған өзекті мәселе Қазақстан Республикасы Президентінің халық алдына қойған биік мақсаттарға жету жолындағы нақты іс-шараларды жүзеге асыру тұрғысынан өте маңызды”, - деген пікірімен бөлісті. Сонымен қатар, қазақстандық жоғары оқу орындарының көш басшы қара шаңырағына басшылық етіп отырған Ғалымқайыр Мұтанов «Нұр Отан» партиясының 11 ақпанында өткен ХІІІ съезінде жастар тәрбиесіне басты назар аударылғандығына тоқталып, партия көшбасшысы ел жастарын жастар қозғалысын, балалар ұйымын құруға жұмылдыру туралы тапсырма бергендігін айтып: “Н.Ә. Назарбаев жан-жақты дамыған «болашақ қазақстандықты» тәрбиелеу – мемлекеттің жастар саясатының мақсаты деп атап көрсетті. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кез келген мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік гүлденуі мен қауіпсіздігі адам капиталына тікелей тәуелді. Ал адам капиталы ұғымының түпкі иірімінде тек қана ғылым-білім жатқан жоқ, онда рухани тәрбие маңызы да зор. «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деп данышпан әл-Фараби айтқандай, жастар «жан жемісін татпай, өмірдің терең мағынасы мен шын мақсатын түсіне алмайды», - дей келе мыңдаған студентті тәрбиелеп отырған киелі орданың басты мақсаты да осы бағытта болу керектігін айтып, даярланып жатқан болашақ мамандарға Мағжанша сеніп артты.
Кезекпен-кезек тыңдалған баяндамалар дені ұрпақ тәрбиесіне, жастар әлеуеті мен рухани құндылыққа бағытталып отырғандықтан әр баяндамашы сөзі сарай ішінде отырған жастарға бір серпін бергендігі және болашаққа деген жауапкершілігін нығайтқандығы көрермен қауымының ыстық ықыласынан байқалып тұрды. Болашақтың зиялылығына алаңдаған ғалымдар мен ардагерлер ғылым мен білімді дамытуда рухани құндылықтар мен асыл қасиеттер алдыңғы орынға шығу керектігін тұжырымдады. Сонымен бірге әскери салада да жастар өз тілін, тарихын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін құрметтеп, меңгеруге атсалысу керектігі айтылды.
Алматы қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайхутдинов: “Жастар бойында өз елігің дәстүріне, тіліне, жеңісіне, мәдениеті мен тарихына құрмет болмаса ол адамды патриот деп атауға болмайды”, - дей келе патриоттық сезім сонымен бірге ата-ананы сыйлау, үлкенге құрмет көрсету сияқты бірнеше асыл қасиеттермен өлшенетіндігін ескеріп, ең алдымен адами мәдениетті дамыту керектігін айтты. Әлеуметтік жаңғыруға адами капиталды дамыта отырып үлес қосуға себеп болған конференцияда сонымен қатар Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Т.Сейдуманов, ҚР Білім және ғылым министрі ұжымдық-әдістемелік және тәрбие жұмысы басқармасының жетекшісі Ш.С.Сұлтанбеков, Қазақстан халықы Ассамблеясының мүшесі А.Осман және тағы да басқа бірнеше айтулы тұлғалар тәрбие саласындағы тұжырымдарымен бөлісіп, ұрпақ тәрбиесін жетілдіруде ой-пікірлерімен бөлісті. Елімізде әлеуметтік жаңғыру жолын алғаш болып жүзеге асыруға атсалысқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унвиерситеті “Қазіргі заман жастарына рухани-адамгершілік және партиоттық тәрбие беру: тәжірибе, мазмұн, даму болашағы” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция арқылы жастар бойына патриоттық сезімнің нұрын септі. Рухани құндылықтарды анықтап, адам капиталын насихаттады. Мұндай рухани басқосулардың үздіксіз жүргізілуі оқу-ағарту және тәрбие саласында жаңа жетістіктерге үлес болмақ. Жыраулар мен кеменгер, даналарымыздың адам болу идеясын заманауи ғасырда жалғаушы көпір болып, ұлт әлеуетін арттыра түспек.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі