«ҚазАқпарат» ұлттық ақпарат агенттігі

18 ақпан, 2011

Жазушы Медеу Сәрсекенің Е. Бекмаханов жайындағы еңбегі жарық көрді

АЛМАТЫ. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің тарих факультетінде Медеу Сәрсекенің даңқты адамдар өмірі топтамасы бойынша Мәскеуден шыққан «Бекмаханов» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Құнды еңбек өткен жылдың желтоқсан айында басылып шыққан. Онда қазақ халқының біртуар ғалымы Ермахан Бекмахановтың өмірі мен ғылыми-шығармашылық ғұмыры баяндалған.

ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов университет кітапханасына бүгінде еңбектің 100 данасының келіп түскенін атап өтті. «Туған халқының нағыз патриоты болған ұлы ғалымның жүріп өткен өмір жолы кейінгі ұрпаққа қашан да үлгі. Кеңес Одағы тұсында өзінің Кенесары Қасымұлы туралы зерттеу еңбегі үшін қаншама қудаланды. Осындай тарихи тұлғамызды қайта түлетіп, халқымен қауыштырып отырған Медеу ағамызға үлкен алғасымызды білдіреміз», - деді ректор.

Кітап авторы Медеу Сәрсекенің қолынан бұған дейін халқымыздың ұлы тұлғалары Қ. Сәтбаев пен Е. Бөкетов жайындағы еңбектер дүниеге келген. «Бұл кітаптың алғашқы тұсаукесерін Е. Бекмахановтың өзінің еңбек еткен оқу ордасында өткізуді жөн санадым. Кітап шығысымен республикалық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде сұхбаттар жарияланып үлгерді», деді М. Сәрсеке. Оның сөзіне қарағанда, кітаптың таныстырылымы енді 22 ақпанда Павлодарда және басқа өңірлерде өткелі отыр.