КАРАНТИНДЕ – 100 КІТАП!
Қазіргі уақытта ҚазҰУ студенттері алдыңғы қатарлы сандық білім беру технологияларын қолдана отырып қашықтықтан білім алуда. Жаңа жағдайларда өздігінен білім алу ерекше өзектілікке ие болып, студенттер білім мен біліктіліктерінің басым бөлігін бүгінде тегін қолжетімділігі кең етек жайған ашық интернет-көздерінен, порталдар мен білім беру ресурстарынан алуда. Өкінішке орай, қазіргі таңда кітап өзге жоғары технологиялық ақпарат құралдарына қарағанда өз мәртебесін біршама жоғалтуда. Дегенмен, оның ең басты қызметі – ғасырлар бойы жинақталған білім мен тәжірибені сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу өзекті болып қала бермек, сондай-ақ ол технологиялардың дамуына қарамастан адам мен қазіргі заманғы қоғамның дамуындағы аса маңызды буын.
«100 кітап», «Айналаңды нұрландыр» сынды университеттік жобалар жастардың азаматтық және рухани-адамгершілік тәрбиесіне үлкен үлес қосуда. Кітап оқуды танымал ету мақсатында кафедра кураторлық сағаттар, әдеби кездесулер мен шығармалардың танымал авторларымен арнайы кештер өткізілуде. Карантин кезінде бұл шаралар онлайн режимінде өтуде. Ең белсенді студенттер жалпыуниверситеттік «Жыл оқырманы» байқауына қатысады.