Казақстан world of journalism study картасына енеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті ғалымдары ғаламдық зерттеулер жүргізу тобына қосылды.
Бүкіләлемдік журналистика зерттеулері - Worlds of Journalism Study Association (WJS) 2010 жылы құрылған әлемдегі журналистиканың ахуалын тұрақты бағалайтын академиялық жоба. Людвиг-Максимилиан Мюнхенс университетінің профессоры Томас Ханичтың үйлестіруімен ғаламдық зерттеу тобы бүгінде 110 елдің журналистика академиялық ошақтарын басын біріктірген. Әлемдік QS топ-университеттердің медиа және коммуникация зерттеулері рейтингісінің көшбасшы кафедралары жетекшілігімен Африка, Азия, Орталық және Шығыс Еуропа, Латын Америкасы және Кариб аралдары, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка, Батыс Еуропа, Солтүстік Америка, Австралия және Жаңа Зеландия елдерінің ұлттық нарығын зерттеуді бастады.
Зерттеудің басты мақсаты – журналистер, репопертерларға жұмыс бабында қойылатын шарттар, шектеулерге қатысты кәсіби көзқарастары, дүниетанымындағы өзгерістерді жақсы түсінуде, сондай-ақ әлемдегі пандемия жағдайында журналистиканың әлеуметтік функциясын айқындау саналады.
Ассоциацияның Жарғысында аталғандай, басты міндеті ғылыми зерттеулерді қолдау мен әлемдегі журналистиканың жай-күйін бағалау. WJS серіктестері ретінде ЮНЕСКО, Журналистердің халықаралық федерациясы, Шекарасыз репортерлер, Журналистер даярлаудың Еуропалық ассоциациясы сияқты белді ұйымдар бар.
Алғашқы пилоттық зерттеулер 2007-2011 жылдарды қамтыса, келесі толқыны 2012 – 2016 жылдардың арасында жүргізілді. Зерттеулерге алғашында әлемнің 67 елінен ғалымдар қатысып, ұлттық деңгейлерде журналистика кейстерін бағаласа, екінші кезеңінде жалпы методологиялық базалық зерттеулерге 27 500 журналист қатысқан. Worlds of Journalism зерттеулері журналистердің қызметтік міндеттерін орындаудағы жаңашыл тәсілдері, олардың қоғам мен үкімет арасындағы қарым-қатынасы, сондай-ақ жұмысының сипаты мен мәнін бағалаудан тұрады.
2020-2022 жылдарды қамтитын WJS үшінші толқын зерттеулеріне 110 елдің ішінен Қазақстан ғалымдары алғаш қатысуда. Қазір республика бойынша 2500 журналисі қамтитын болжамды респонденттер базасы әзірленіп жатыр. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары WJS аясында зерттеулер жүргізуге дайын. Бұл елімізде журналистиканың ұлттық ерекшелігін жаһандық деңгейде танытуға жаңа жол ашады.