«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі

21 ақпан, 2011

15.02.2011 / 19:14

ҚазҰУ-дың 31 оқытушысы 2010 жылдың үздік ұстазы атанды

АЛМАТЫ. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Өткен сенбіде Алматыда Жоғарғы оқу орындарының 2010 жылғы ең үздік оқытушысы атанған ұстаздарсалтанатты түрде марапатталды.

Шәкірт тәрбиелеуші ұстаздарымызды ұлықтау үшін еліміздегі жоғары оқу орындарының үздік оқытушысын анықтау байқауы бүгінгі күні дәстүрге айналып отыр. Осы орайда 2010 жылдың үздік оқытушылары анықталып, ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов "Жоғары оқу орындарының үздік оқытушсы - 2010" мемлекеттік грантын жеңімпаздарға табыс етті.

Нәтижесінде "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" мемлекеттік грантын еліміздің 42 жоғары оқу орындарының 200 оқытушысы иеленді. "Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы - 2010" мемлекеттік грантын жеңіп алғандардың басым көпшілігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлар құрамы болды. Яғни, 2010 жылдың үздіктері қатарын ҚазҰУ-дың 31 оқытушысы толықтырды. Бұл жеңіс қара шаңырақтың білім және ғылым саласындағы көшбасшы университет екендігін тағы бір анықтап бергендігі.

Салтанатты марапаттау барысында сөз алған министр Бақытжан Тұрсынұлы биыл мемлекеттік грантқа қол жеткізген оқытушылар құрамының сапасы анағұрлым жоғары болғандығын айтып өтті. "Оқытушылардың 68 пайызы ғылым докторлары, профессорлар, ал қалғандары доценттер және ғылым кандидаттары мен PhD докторлары. Байқауға республикалық 86 жоғары оқу орнынан мыңға жуық үміткер қатысты. Олардың 43-і мемлекеттік, 12 акционерлік және 31 жекеменшік оқу орындары", - деп атап өтті министр.

Өз кезегінде мемлекеттік грант жеңімпаздарға Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Бельгия, Польша, Чехия, Венгрия, Швеция, Австрия, Болгария, Литва, Латвия, Ресей сияқты елдердегі жетекші жоғары оқу орындарына барып тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.

Ғылым мен білім майталмандарының үздік танылуы - ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсері белгілі. Сол үздік ұстаздардың қатарында ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Абдул-Хамид Мархабаевта бар. Ол оқытушылар арасында үздік танылуын, көп жылдар бойы атқарған еңбегінің бағаланғанды деп білетіндігін жеткізді.