Креативтілер мен дарындылар байқауы

30 сәуір, 2020

Коронавирус пандемиясы біздің өмірімізге елеулі өзгерістер енгізді. Биылғы жылы «Мен жастарға сенемін» республикалық байқауы онлайн-форматта басталды. Еліміздегі және әлемдегі күрделі жағдайға қарамастан, біз студенттердің үлкен белсенділігін аңғарудамыз. Байқауға қатысуға еліміздің барлық өңірлерінің жастары ниет білдірді.

Байқаудың жастар арасында үлкен танымалдыққа ие болуы кездейсоқ емес. Бұл олардың өздері туралы мәлімдеуге, сондай-ақ әлеуметтік-маңызды бастамалары және шығармашылық жобаларымен бөлісуге бірегей мүмкіндік.

Осындай мүмкіндікті 5 мың адам пайдаланып, ҚазҰУ сайтында тіркеліп шараға қатысуға өтініш берген. Олар өз қалауы бойынша әр түрлі санаттарды таңдады. Осылайша, поэтикалық номинацияға 1,5 мыңға жуық адам қатысуға ниет білдірсе, 436 жас орындаушы патриоттық әндер конкурсына, 1,7 мыңнан астам қатысушы өз эсселерін жіберді. Ұйымдастырушы комитетінің атына 1,4 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар «Қайырымды қоғам» бастамалары мен 145 студенттік инновациялық жобалар келіп түсті.

Байқаудың ауқымы кең және Қазақстанның барлық өңірлерін қамтиды. Алматы қаласының студенттері – 1146 адам аса үлкен белсенділік танытты. Бес жүзден астам жұмыс Нұр-Сұлтан, Шымкент және Атырау қалаларынан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Түркістан облыстарынан келіп түсті. Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарынан 300-ге жуық үміткер өтінім жіберді.

Көптеген студенттердің өтініштері бойынша өтінімтер мен конкурстық жұмыстарды қабылдау мерзімі 15-мамырға дейін ұзартылды. www.kaznu.kz сайтында тіркелу арқылы өтінім беру, іріктеу турының барысын қадағалап, сондай-ақ онлайн-дауыс беруге қатысуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, байқау үздік студенттік инновациялық жоба мен «Еліміздің инновациялық дамуына менің нақты үлесім» атты стартап, «Қайырымды қоғам» әлеуметтік жобасы, сондай-ақ «Мен өз елімнің өркендеуі үшін не істей аламын?» атты үздік эссе, поэтикалық шығармалар мен патриоттық тақырыптағы ән номинациялары бойынша өткізіледі. Қатысушылардың жұмыстарын тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды, оған қоғам қайраткерлері, ғылым, мәдениет және өнер, бизнес, мемлекеттік құрылымдар мен БАҚ өкілдері кіреді.

Байқаудың қорытындысы «Мен жастарға сенемін!» VIII форумының аясында 2020 жылдың қараша айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткізіледі. Қатысушылар тақырыптық секциялардың отырыстарында өз жобаларын таныстырып қорғауға мүмкіндік алады. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар беріледі. Ең үздік деп танылғандар бас жүлде – ҚазҰУ-дың бір жылдық тегін оқу грантына ие болады. Онлайн-дауыс беру нәтижесі бойынша көрермен көзайымы сыйлығы табыс етіледі.

www.kaznu.kz