"ҚазАқпарат" Ұлттық Ақпарат агенттігі
Алматыда Хайыржан Бекхожиннің 100 жылдық мерейтойына арналған жаңа кітап оқырман назарына ұсыныламақ
АЛМАТЫ. 22 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - 2011 жылдың 24 ақпанында ҚазҰУ-да Қазақстан ұлттық журналистикасы ғылымы мен білімінің көрнекті қайраткері Хайыржан Бекхожиннің 100 жылдық мерейтойына арналған кітаптың тұсаукесері өтеді.
Аталған шараны Қазақстан журналистер академиясы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті, Бұқаралық коммуникацияның тарихы мен теориясы кафедрасы ұйымдастырып отыр.
Х.Бекхожин туралы кітап Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің басшылығымен бекітілген «Өнегелі өмір» сериясымен жарыққа шығып отырған екінші басылым болып табылады.
Х. Бекхожин(1910-1979) - еліміздің журналистика ғылымы мен білімінн дамытуғма елеулі үлес қосқан ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Ол 1929-39 жылдары «Кеңес туы» және «Колхоз» (Павлодар), «Екпінді» (Семей) аймақтық басылымдарында журналистік қызмет атқарды. 1942 жылы ҚазҰУ-дің журналистика бөлімін тәмамдады. 1943 жылдан бастап Отан соғысы аяқталғанға дейін Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінде редактор болып еңбек етті. 1945 жылдан өмірінің соңғы сәттеріне дейін ҚазҰУ-дің журналистика факультаетінің аға оқытушысы, осы жылдың 1-маусымынан факультет деканы, 1948-1976 жылдар аралығында журналистика тарихы кафедрасының меңгерушісі және профессоры болды.
Сонымен қатар ол - ұлттық баспасөзіміздің тарихы бойынша тұңғыш кандидаттық және докторлық диссертациялар жазды. Докторлық диссертациясын 1964 жылы жарық көрген «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» атты монографиясы бойынша даярлап, ғылыми баяндама түрінде қорғады.
Х.Бекхожиннің ХІХ ғасырдың басында жарық көрген тұңғыш журнал «Айқап» туралы жазылған зерттеу еңбегі - кеңес дәуіріндегі ғылымға қосылған үлкен жетістіктердің бірі.
Бұл күндері Х.Бекхожиннің бастамасымен 1948 жылы құрылған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Журналистика тарихы кафедрасының құрылғанына 63 жыл толып отыр. Кафедра 2010 жылдың 1 қыркүйегінен Бұқаралық коммуникацияның тарихы мен теориясы деп аталуда.