Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Мәдени Өкілдігі және Табатабаи университетімен бірлесіп, парсы тілі мен әдебиетін үйреніп-зерттеу мақсатында халықаралық онлайн-курсын ұйымдастырды.
Онлайн-курс әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің шақыртылған шетелдік профессоры, Табатабаи университетінің оқытушысы доктор Оуранг Изадидің жетекшілігімен жүргізілуде. Қазақстан және Орталық Азия елдерінің оқытушылары мен студенттері үшін келесі тақырыптар бойынша дәрістер оқытылады: парсы тілінің шығу тарихы, иран тілдер тобының шығу тегі, көне парсы тілінің сына жазуы, орта парсы тілі (пехлеви), қазіргі парсы тілінің грамматикасы және т.б.
Курсқа қатысушыларды парсы әдебиетінің әйгілі ескерткіші, Иран халықтарының ұлттық эпосы Шахнаме ерекше қызықтырады. Оларға «Патшалар кітабының» пайда болу тарихы туралы және «Бижан мен Маниже», «Рүстем мен Сохраб», «Рүстем мен Исфандияр» және басқа да аңыздармен танысуға тамаша мүмкіндік берілді.
Шығыстану факультеті заманауи IT технологияларды қолдана отырып, әр түрлі елдердегі серіктес университеттермен онлайн курстарын жалғастыруды жоспарлауда.