«Өнегелі өмір» кезекті томының онлайн-тұсаукесер рәсімі өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да белгілі ғалым-заңгер, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түлектер қауымдастығы Төралқасының мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Тұңғыш Президенті Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Иванович Роговтың өмір жолы мен қызметіне арналған «Өнегелі өмір» сериясының кезекті томының онлайн-тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараға Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының атқарушы директоры – Қанат Жұмабаев, белгілі заңгерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және оқытушылар қатысты.
Университет ректоры Ғалым Мұтанов өз сөзінде, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектері қауымдастығының мүшесі, әрі түлегі И.И. Рогов бүгінгі таңда заң ғылымы мен білімді дамытуға және ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындауға елеулі үлес қосатынын атап өтті. Ол университет ғалымдарымен тығыз байланыста ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен кездесулер ұйымдастырып, бірлескен ғылыми мақалалар жариялайды, сондай-ақ, заң жобаларына ғылыми сараптама жүргізіп, студенттерді ҚР Конституциялық Кеңесінде зерттеу қызметі мен тәжірибеден өтуге тартады.
Ел тәуелсіздік алған кезеңде мемлекеттік аппарат озық ой мен оны іс асыра алатын, сондай-ақ уақыт талаптары мен сын-қатерлеріне жауап беруге қабілетті білікті кадрларға аса мұқтаж еді. Сол кезеңде мемлекеттік құрылымдарға шақырылған ғылыми қызметкерлердің қатарында Игорь Рогов та болды.
Мерейтой иесін құттықтай отыра, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми И.Рогов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді тірегі болып, құқықтық әлеует пен қолға алынған реформаларды қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқандығын атап өтті. Жауапты мемлекеттік лауазымдарға ие бола отырып, ол мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және жүзеге асыруға ықпал етті. Президент Әкімшілігінде, Әділет министрлігінде Игорь Иванович жаңалықтарды талқылау кезінде заңнаманы дамытудың заманауи үрдістері бойынша терең түсінігін көрсете білді. Осы уақытта сот ісін жүргізуді одан әрі ұйымдастыру, сот төрелігі мен сот әкімшілігі мәселелерін ажырату, алқабилер сотын енгізу бойынша бірқатар шаралар қабылданды.
«Менің ойымша, Игорь Ивановичтің мансабындағы ерекше кезең Республиканың конституциялық бақылау органдарындағы жұмысы болды. 13 жыл бойы ол Конституциялық Кеңесті басқарды. Осы жылдар ішінде конституциялық іс жүргізу тәжірибесіне көптеген жаңалықтар енгізілді, құқықтық саясаттың өзекті мәселелері бойынша нормативтік қаулылар қабылданып, үш конституциялық реформа іске асырылды. Қазіргі уақытта ол Отанымыздың игілігі үшін белсенді еңбек етіп, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің идеясы мен стратегиясын жүзеге асыру мақсатында барлық күш-жігерін жұмсауда», – деп атап өтті Қ. Мәми.
Онлайн шара барысында ҚР Тұңғыш Президенті Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев, Ресей Халықаралық құқық қауымдастығы (РХҚҚ) атқарушы комитетінің президенті, әрі мүшесі, з.ғ.д., Анатолий Капустин және басқа да белгілі ғалымдар құттықтау сөз сөйледі.
Өз кезегінде Игорь Рогов барлығына алғысын білдіріп, жылы лебіздері үшін және оның қарапайым еңбектеріне үлкен көңіл бөлгендеріне ризашылығын білдірді. Ғалым-заңгер, заң ғылымдарының докторы Игорь Роговтың өмірі мен қызметіне арналған «Өнегелі өмір» кітабы ғалым өмірінің әр түрлі кезеңдерін сипаттайтын бірнеше бөлімнен тұрады. Оған мұрағаттық материалдар, ғалымның еңбектері, әріптестері, достарының және жақындарының естеліктері мен фотоматериалдар енгізілген.
«Өнегелі өмір» кітаптар сериясы ел мен қоғамның дамуына үлкен үлес қосқан танымал қазақстандық қайраткерлер мен ғалым-педагогтардың өмірі мен қызметін өнеге ретінде ұсынып өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталғанын атап өткен жөн.