ҚазҰУ мен ШЫҰ әріптестігі нығая түспек
Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Мұтанов Ғалымқайыр Мұтанұлы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Иманалиев Мұратбек Сансызбайұлымен арнайы кездесу өткізіп, өзара әріптестікті нығайту жолындағы әңгіме өрбіді.
ҚазҰУ Ректоры өз кезегінде ШЫҰ өкілдеріне қарашаңырақтың ұлттық университетке айналу жолындағы бағыттарымен таныстыра отырып, ҚазҰУ әлемдік топ университеттер қатарына енуді мақсат ететіндігін айтты. Сонымен бірге, бұл мақсатта механика және математика, физика факультеттері сияқты білім ордаларының заманауи жабдықталуына көңіл аударылып отырғандығын жеткізді. Осы кезекте Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Мұратбек Сансызбайұлы Қазақстан Республикасы Президенті Жолдауына тоқталып, ҚазҰУ-дың ШЫҰ әріптестігі негізінде атқарып жатқан жұмыстарын үздік бағалайтындығын айтты.
Кездесу барысында, сондай-ақ ШЫҰ тарапынан ұсынылған зерттеу технологиялық орталығын құру бастамасын ҚазҰУ басшылығы қолдайтындықтарын жеткізді.
Екіжақты басқосудан соң Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Мұратбек Иманалиев университеттегі халықаралық қатынастар факультетінде маманданып жатқан студенттерге дәріс оқыды. Бас хатшы өз дәрісінде ұйымның қызметі мен құрылымына жете тоқталып, факультет студенттері тарапынан жолданған сауалдарға жауап берді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі