ҚазҰУ - ИСЕСКО: COVID-19-ға қарсы бірлескен күрес

15 шілде, 2020

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ - БҰҰ-ның Тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабы, коронавируспен күресу жөніндегі жобаны жүзеге асыру үшін Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі дүниежүзілік ислам ұйымының (ISESCO) грантына ие болды.

ИСЕСКО пандемия басталғанда ұйымға мүше елдердің университеттері арасында COVID-19-бен күресуге бағытталған халықаралық ғылыми және технологиялық жобалардың байқауын өткізді.

ҚазҰУ жобасы үздік жобалардың бірі ретінде танылып қаржыландыру үшін таңдалды. Ол әмбебап антисептиктер мен дезинфекциялық құралдардың жаңа буынын шығаруға бағытталған. Жақында іске қосылуы жоспарланған өндірісті жабдықтауға арналған құралдардың бір бөлігі ИСЕСКО бөліп отырған қаржы ресурстарына сатып алынады.

ҚазҰУ-дың химиктері жасаған натрий гипохлоритіне негізделген антисептиктер электрохимиялық әдіспен шығарылып, медициналық, коммуналдық және тұрмыстық салаларда кең қолданыс табады. Дезинфекциялық құралдардың сөзсіз артықшылығы – бұл олардың шетелдік аналогтардан әлдеқайда төмен құны, өйткені өндірісте қазақстандық шикізат қолданылады. Өндірісте, сонымен қатар, ҚазҰУ ғалымдарының патенттелген әзірлемелері, оның ішінде өзіндік құнды едәуір төмендететін тұрақты оксид-рутений титан анодтары пайдаланылады.

Жоба нәтижесінде алынған дезинфекциялық құрал университет ғимараттарын өңдеуге қолданылып, студенттер мен қызметкерлерге, сонымен қатар, өзге де мұқтаж әлеуметтік топтарға таратылады.

Штаб-пәтері Рабатта (Марокко) орналасқан ИСЕСКО – Ислам ынтымақтастық ұйымының құрылымы. Оның қызметі білім, ғылым, мәдениет және жаңа технологияларды дамытуға, сондай-ақ, осы бағытта ИЫҰ елдері арасындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге бағытталған.

www.kaznu.kz