ҚазҰУ-THE: ынтымақтастық перспективалары

21 шілде, 2020

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемге танымал «Times Higher Education» (THE) агенттігінің басшылығымен екі жақты онлайн-кездесу өткізді.

Кездесу барысында жоғары білім саласындағы өзара әрекеттесу, сондай-ақ қазақстандық университеттің «Times Higher Education» жаһандық рейтингіне қатысу мәселелері және ынтымақтастықты дамытудың перспективалары талқыланды.

THE Агенттігінің стратегиялық шешімдер жөніндегі директоры Майкл Каруана ҚазҰУ-дың әлемдік рейтингтердегі алға ілгерілеу әлеуетінің өсіп келе жатқандығын атап өтті. Ол БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының Ғаламдық хабының жетекшісі ретінде университеттің атқарып отырған жұмысын ерекше атап өтіп, халықаралық THE рейтингінің жоғары оқу орындарының қызметін тұрақты даму мақсаттары тұрғысынан бағалайтын маңызды бағыттарының біріне қатысу қажеттілігіне назар аударды. Сонымен қатар, ол рейтингтің саралау әдістемесімен толық таныстырып, тәжірибелік ұсынымтар берді және онлайн кездесуге қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Іс-шара соңында ректор Ғалым Мұтанов Майкл Каруанаға «Times Higher Education» агенттігінің жұмысы туралы толық ақпарат бергені үшін алғыс айтып, алдағы уақытта ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін жеткізді.

www.kaznu.kz