ҚазҰУ-да Малайзиялық ZICO Shariah Advisory Services компаниясы, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, Экономика және бизнес жоғары мектебі және Исламдық қаржы орталығының өкілдері жүздесті.
Кездесу аясында тараптар қаржы нарығы, оның ішінде исламдық қаржыландыру нарығының ағымдағы жай-күйін қарастырып, елімізде Ислам қаржы индустриясын дамыту жөнінде ұсыныстар айтты. «Астана» Халықаралық қаржы орталығы Қазақстанда исламдық қаржыландыруды дамытудың Жол картасын әзірлеуге бағытталған Ислам Даму Банкінің грантын жеңіп алған болатын.
Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы профессор Римма Сагиева ел экономикасын қарыштату жолында қаржы секторы саласында жоғары білікті кадрларды даярлау экономика өсуінің негізгі факторлардың бірі болып табылатынын атап өтті.
ZICO Shariah Advisory Services менеджері Ю Чи Лун Қазақстандағы ислам қаржысының даму перспективаларын, оның қаржы секторын тұрақтандырудағы рөлін және басқа елдердің тәжірибесі негізінде одан әрі жұмыс істеу үшін бірнеше бағыттарды ұсынды. АХҚО исламдық қаржыландыру департаментінің бас менеджері Мадина Тукулова АХҚО аясында ислам қаржысының даму ерекшеліктері турасын айтса, ҚазҰУ-дың Исламдық қаржы және қаржылық талдау орталығының директоры Қуанова Лаура Білім және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастық бағытын дамытатын ел аумағындағы жалғыз орталықтың негізгі міндеттерін түсіндірді.
ҚазҰУ Қазақстандағы жетекші университет ретінде АХҚО және Катарлық Хамад Бин Халифа университетімен байланыс орнатып, исламдық қаржыландыру бағытын белсенді дамытып келеді. Бұл кездесу ел үшін стратегиялық маңызды бағытты – ислам қаржысының дамуын ілгерілетудегі тағы бір қадам болды.