ҚАЗҰУ-ДА ПОСТКЕҢЕСТІК КЕҢІСТІКТЕГІ АЛҒАШҚЫ ИСЛАМ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Жоба әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Астана халықаралық қаржы отралығы (АХҚО) және Катардағы Хамад Бин Халиф университетімен әріптестігі негізінде жүзеге асты.
Ашылу салтанатында ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Хамад Бин Халиф университетінің президенті доктор Ахмад Хасна, АХҚО төрағасының орынбасары Ернұр Рысмағамбетов, қаржы институттарының өкілдері, оқытушылар және студенттер қатысты.
Ең жаңа техникамен және заманауи бағдарламалармен қамтылған бірегей орталық биржалық трейдинг дағдыларын, іргелі және техникалық талдау негіздерін, қаржылық инженерияны оқытумен айналысады. Сондай-ақ ақша қаражатын қалаған нарықтық сегментке тәжірибе жүзінде инвестициялау және ірі биржалармен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері беріледі. Орталық ислам қаржысы бойынша ғылыми-білім беру кластеріне айналады.
Іс-шара барысында «Қазақстанда исламдық қаржыландыру мүмкіндіктерін ашамыз» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Сөз алған ҚазҰУ ректоры жоғары білікті кадрларды даярлау инновациялық экономиканың өсуінің негізгі факторларының бірі екендігін атады және Астана экономикалық форумы аясында ресми бекітілетін үш жақты әріптестік сәтті және жемісті ынтымақтастықтың іргетасын қалайтындығын жеткізді.
«Қазақстанның жетекші білім ордасымен әріптестік орнату біз үшін үлкен құрмет. Орталықтың ашылуының Рамазан айымен тұспа-тұс келуі терең мәнге ие деп қабылдаймын. ҚазҰУ – исламдық қаржыландыруды алға жылжытудағы біздің үздік серіктесіміз. Біздің ортақ мақсат – сәттілік пен өркендеуге негіз болатын қарым-қатынасты дамыту. Алғашқы түлектерімізді құттықтайтын сәтті асыға күтемін», - деді доктор Ахмад Хасна өзінің алғы сөзінде.
Ернұр Рысмағамбетовтің сөзінше, АХҚО болашақ мамандарды дайындап жатыр және дамудың негізгі шешуші факторы адами капитал болатын осы жерде қаржы орталықтарының әлемдік озық тәжірибелері ауадай қажет. Сонымен бірге ол исламдық қаржыландыру бойынша жоғары білікті мамандарды дайындауда ҚазҰУ рөлінің зор екендігін атап өтті.
Білім ордасы ислам қаржысы бойынша ұлттық деңгейде де, халықаралық ауқымда да білімді мультипликациялауды мақсат етіп отыр.
Университет базасында теориялық және тәжірибелік тұрғыдан исламдық қаржыландыру бойынша сауаттылықты арттыру исламдық банк секторын жандандыруға, сонымен қатар ислам құнды қағаздары биржалық трейдингі субъектілерінің санын артыруға ықпал етеді.
Бизнесті ұзақ мерзімді несиелермен қамтамасыз ету, қор нарығын дамыту және шетелдік инвесторларды тарту, азаматтардың қаржылық сауаттылы үшін шараларды жетілдіру Қазақстанның қаржы секторын одан әрі серпінді дамытудың негізгі бағыттары болып табылады. Осы кезде ислам қаржысының инвестициялық ресурстары сенімді және перспективалы құрал бола алады.