Қазұулық азаматтар аруларға арнап мерекелік кеш ұйымдастырды

5 наурыз, 2011

4 наурызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 8 наурыз Халықаралық әйелдері күні мерекесіне арналған мерекелік кеш өтті. Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында ұйымдастырылған кештің көркін келтіріп, мерейін арттырған өнерпаз қатысушыларын университеттегі оқытушы-профессорлар құрамы, проректорлар, ректорат қызметкерлері, бөлім бастықтары, факультеттегі декандардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары арасындағы ерлер тобы қамтыды. Ардақты апа, аяулы ана, сүйікті қарындас мерекесіне арнап тек ер-азаматтарымыздың өнер көрсетуі ҚазҰУ тарихында тұңғыш рет ректор Ғалымқайыр Мұтанұлының бастамасымен жүзеге асып отыр.

ҚазҰУ ұжымындағы ерлер тарапынан кеште аналарға, аруларға, нәзік жандарға арналып өлеңдер оқылды, жыр жырланып, ақындардың әйел тақырыбына арналған сатиралары тыңдалды. Сонымен қатар серілеріміз заманауи би билеп, көңілді әзілдермен бөлісті. Сарай ішіндегі көрермендердің қалың қолпаштауы мен ыстық ықыласы «жұмақ – ана табанының астында» деп аяулы да асыл жандардың мейрамын ұлықтап, мерекелік көңіл күй сыйлаған қазұулық азаматтарға «біздің ауыл жігіттері –жігіттердің төресі» деген ризашылық таныптып тұрды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі