Жапонияның Қазақстан Республикасындағы елшілігі, Жапония Парламенті Кеңесшілер палатасының депутаты Масааки Акаике мырзаның аманаты, Каору Моридің «Жас келін әңгімесі» атты мангасын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының студенттеріне тарту етті.
«Жас келін әңгімесі» атты манга – бұл XIX ғасырдағы Орталық Азияға қызықты саяхат, сұлу садақшы және шабандоз Амираның өмірі бір-бірімен сабақтасқан оқиғалар желісі он екі томға жинақталған.
Қазіргі таңда жапон мангаларына студенттердің қызығушылығы өте жоғары. Осындай жанрдағы мангалар студенттердің тарихқа деген қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Студенттер манганы түпнұсқада оқып қана қоймай, манга арқылы жапондық саяхатшының Орталық Азиядағы бастан кешкен оқиғаларымен, сондай-ақ XIX ғасырдағы Орталық Азиядағы өмірмен басқа, тың көзқараспен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Акаике мырзаға, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы елшілігіне университетттің оқытушылары мен студенттерінің атынан шын жүректен алғысымызды білдіреміз.