МӘДЕНИ КӨПІР: КОРЕЯДАҒЫ ТАҒЫЛЫМДАМА
Іс-шараға 2, 3 курс студенттері қатысты. Корея университеттерінде академиялық ұтқырлық бойынша тағылымдамадан өтіп, білім алып келген студенттер төменгі курс студенттерімен өздерінің әсерлерімен бөлісіп, бөтен елге барған кезде кездесетін қиындықтарды жеңу жолдарын көрсетіп берді. Бибінұр мен Арайлым Хангук шет тілдер университетінің шетелдік студенттерге білім беру жүйесімен таныстырса, Дана Кукмин университетінің, Аяулым Каннам университетінің шетелдік студенттермен қалай жұмыс істейтіндіктерімен, студенттердің сапалы білім алуына қандай жағдайлар жасалғандықтарымен таныстырды. Сондай-ақ, Корей университеттеріне оқуға баратын кезде кредиттерді қалай таңдау керектігінен бастап, жатақханадағы басқа елден келген көршіңмен қарым-қатынасты қалай орнату керектігіне дейін, университет профессорларының қалай сабақ өтетіндіктерінен бастап, тапсырмаларды қалай орындау керектігіне дейін, қызықты етіп әңгімелеп берді. Сонымен қатар, олардың назарынан Кореяда жүргенде қалай тамақтану керектігі, қай жерлерден дәмді, әрі арзан тағамдарды алуға болатындығы, қандай мәдени ошақтарға барып, корейлердің мәдениетімен жақынырақ танысуға болатындығы туралы жәйттар да тыс қалған жоқ. Корея университеттері кітапханаларының ерекшеліктері туралы да айтуды ұмытпаған олар төменгі курс студенттерін мазалаған сұрақтарға толық жауап беріп, болашақта Кореяда өткізген әр күндерін тиімді пайдаланып, мүмкіндігінше білім қорларын молайтып келуге кеңес берді. Онлайн форматта өткен кездесу студенттердің бір-біріне деген жылы лебіздерімен аяқталды.