Тәжікстан Республикасының елшісі Шығыстану факультетіне арнайы келіп, кітап тарту етті

23 қазан, 2020

Үстіміздегі жылдың 17 қазан күні Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ибодзода Хайрулло Шығыстану факультетіне арнайы келіп, факультет тынысымен танысты. Елші кездесу барысында Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның «Тәжіктер тарих айнасында. Арийліктерден Саманидтерге дейін» атты қазақ тіліне аударылған кітабын факультетіміздегі «Тәжік тілі мен мәдениеті» орталығына тарту етті. Кітаптарды Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі Пірімбек Сулейменов қабылдап алды. Бұл кітаптар орталықтың кітаптар қорында сақталады. 

Елші университет басшылығына ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Орталықтың жұмысына әрқашан қолдау білдіретіндігін жеткізді. 

«Тәжік тілі мен мәдениеті» орталығы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы жанында 2019 жылдан бастап жұмыс жасап келеді.  Орталықтың ашылуы Тәжікстан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы арқылы жүзеге асырылған болатын. Орталық аясында екі елдің достық қарым-қатынастарын нығайтуға бағытталған мәдени іс-шаралар жүйелі түрде өткізілуде. 

Еліміздегі жоғары оқу орындарында әртүрлі мамандықтар бойынша білім алып жатқан Тәжікстан Республикасының жас азаматтары орталыққа келіп, кітаптар қорын пайдаланып, кездесулер өткізуіне мүмкіндік жасалған.