ҚазҰУ-да БҰҰ бағдарламасы Жаһандық хабының жаңа кеңсесі ашылды

23 қазан, 2020

Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 75 жыл толуына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасы (UNAI) Жаһандық хабының жаңа кеңсесі ашылды.  

Жаңа кеңсе ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевқа таныстырылды. Ол ҚазҰУ-ға таяудағы сапары кезінде 2014 жылдан бері төртінші рет қатарынан БҰҰ бағдарламасының Жаһандық хабын басқарып келе жатқан университеттің қызметімен танысты. Ол жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығын және осы платформаны адамзаттың тұрақты даму мәселелерін шешуге бағытталған Қазақстанның бастамаларын ілгерілетуде пайдалану қажеттілігін атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың озық тәжірибесі тұрақты даму мәселелері бойынша ғылыми-білім беру қоғамдастығының әлемдік үйлестірушісі ретінде сұранысқа ие және жоғары халықаралық танымалдыққа ие болды. Мәселен, жетекші қазақстандық университет Рио-де-Жанейрода өткен БҰҰ-ның «RIO+20» Дүниежүзілік Саммитінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Энергия-экологиялық дамудың жаһандық стратегиясы» және «Жасыл көпір» бастамаларын қолдай отырып, ТМД жоғары оқу орындары арасында жалғыз университет ретінде ҚазҰУ «Жасыл көпір ұрпақтан-ұрпаққа» жобасын таныстырып, өз секциясын ашты.

«Тұрақты адамзаттық дамудың жаңа парадигмасы. G-Global – жаһандық диалог форматы» халықаралық конференцияның өткізілуі университеттің БҰҰ идеялары мен принциптерін халықаралық деңгейде жүзеге асырудағы белсенді ұстанымының жарқын айғағы болды. Дәл осы 2014 жылы қарашадағы шарада алғаш рет ҚР Президенті Қ.Тоқаев қоғамға тұрақты адами дамудың жаңа парадигмасының 10 қағидатын таныстырды. Қазіргі және болашақтағы қауіп-қатерлерді ескере отырып, Мемлекет басшысының өркениеттік олқылықтарды еңсеруге және жаңа әлемдік тәртіпті орнатуға деген тұтас көзқарасы сарапшылар мен халықаралық қоғамдастықтың жоғары бағасына ие болды. Бүгінде ҚазҰУ UNAI хабын басқара келе, кең академиялық топтарды тарта отырып, осы жаһандық бастаманы іске асыру үшін мақсатты түрде жұмыс істеуде.

АЭФ аясында ҚазҰУ Азия университеттерінің «Еуразиялық әртүрлілік және тұрақты даму үшін университеттердің рөлі» III форумын ұйымдастырып өткізді, онда қазіргі заманның жаңа қауіп-қатерлері мен сын-қатерлерін шешуде жоғары оқу орындарын шоғырландыру, олардың энергетикалық қауіпсіздік пен қоғамның орнықты дамуындағы рөлін арттыру мәселелері қаралды. 2018 жылы ҚазҰУ-да БҰҰ Экс-Бас хатшысының жеке қатысуымен ашылған табысты түрде жұмыс істейтін Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты құрылған болатын.  

ҚазҰУ-дың ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевпен кездесуінде БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек мыңжылдықтың сын-қатерлерін шешуге және Қазақстанның бастамаларын ілгерілетуге бағытталған университеттің белсенді қызметі тұрақты даму мақсаттарын іске асыруда БҰҰ-мен ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды тереңдетуге қомақты үлес қосатынын атап өтті.

ҚазҰУ әл-Фарабидің мерейтойлық жылында БҰҰ-ның Жаһандық азаматтық бағдарламасымен синергиядағы идеяларын алға тарта отырып, белсенді жұмыс жүргізуде. Университет БҰҰ Өркениеттер Альянсымен бірлесіп «Ізгілікті қоғам азаматтарын қалыптастыру. Қазіргі заманғы университеттер миссиясы» халықаралық жобасын жүзеге асыруда, оның негізінде ұлы ойшылдың ізгілікті қоғам туралы идеялары жатыр.

24 қазанда атап өтілетін БҰҰ күні қарсаңында және тұрақты даму мақсаттарының онкүндігі шеңберінде Әл-Фарабидің 1150 жылдығына, БҰҰ-ның құрылғанына 75 жыл толуына, БҰҰ Өркениеттер Альянсының 15 жылдығына және «Академиялық ықпал» бағдарламасының 10 жылдығына арналған «Ақыл бейбітшілік үшін» халықаралық конференциясы өткізіледі. Бұл жоғары деңгейдегі шара Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасын БҰҰ-ның жаһандық азаматтық және тұрақты даму бағдарламаларымен синергияда қарастыруға бағытталған. Бұл шараға БҰҰ құрылымдары мен бағдарламаларының басшылары, әлемге танымал ғалымдар, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, академиялық қоғамдастық пен масс-медиа өкілдері қатысады деп күтілуде.

 

www.kaznu.kz