Әл-Фараби және қазіргі заманғы еуропалық философия
Жуырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, Шығыстану факультеті, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының бастамасымен ұлы ойшыл, ғұлама Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығының аясында араб тілі ұстаздарына, докторанттар мен магистранттарына араб тілінде Әл-Фараби мұрасына қатысты дәрістер оқыла бастаған болатын.
Бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, кезекті лекция Ирак Республикасы, Мустансария университетінің педагогика және араб тілі кафедрасының профессоры Надия Ханауи Саадун оқыған «Әл-Фараби және қазіргі заманғы еуропалық философия» деп аталды.
Дәріске Әбу Насыр Әл-Фарабидің еңбектеріне қызығушылық танытқан қауымнан бөлек, фарабитанушылар, кафедраның ұстаздар құрамы, алыс-жақын шетелдерден тыңдаушылар қатысып, факультет деканы PhD доктор Ы. М. Палтөре модератор ретінде атсалысты. Кездесу әдеттегідей сұрақ-жауап алмасумен жалғасып, тыңдаушылар арасынан өздерін қызықтырған тақырыптар бойынша шығармашылық ынтымақтастық құру ұсыныстарымен қорытындыланды.