Әл-Фарабидің әлем өркениетіне ықпалы
Жуырда Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия кафедрасы ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Ұлы ғұлама Әл-Фарабидің әлем өркениетіне ықпалы» атты халықаралық онлайн конференция өтті. Іс-шараға отандық және шетелдік ғалымдар, зерттеушілер қатысты.
Шараға ҚазҰУ-дың философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының кандидаты Әсет Құранбек пен ғылыми қызметкер, PhD Мұхит Төлегенов модераторлық етті.
Алғашқы сөзді «Мәңгілік Қазақстан» қорының директоры Бейбіт Нәлібаев ашып, спикерлерге сөз берді. Алғашқы баяндамалар қатарында философия кафедрасының профессоры, әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығының кеңесшісі Жақыпбек Алтаев, Ыстамбұл университеті Әл-Фараби Еуразиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Абдулла Қызылжық (Түркия), Францияның құрметті профессоры, Қазақстан Президенті Бейбітшілік және келісім сыйлығының иегері, Әл-Фарабидің алтын медалі иегері Альберт Фишлер (Франция), Бурса Улудаг университеті Теология факульетінің профессоры Яшар Айдынлы (Түркия), Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Досай Кенжетай, жазушы, журналист, сценарист, "Дарын"сыйлығының иегері Дидар Амантай және есімі елге және шет елге танымал ғалымдар қатысқан онлайн конференция әл-Фараби әлемін тануға тағы бір жарқын жол ашты.
ҚазҰУ-дың Философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек: «Биыл тек қана бір Қазақстан, Түркі дүниесі үшін ғана емес, бүкіл адамзат дүниесі үшін үлкен маңызды жыл болды деп ойлаймын. Әлемді сарсаңға салған пандемияға қарамастан, ұлы ғұлама, адамзаттың ойшылы Әбу-Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өтудеміз. Осы мерейтой аясында ұйымдастырылып отырған конференциямызда ғалымдарымызбен еркін пікір алмасып, баяндамалар жасалуда. Бұл өз кезегінде Фарабитануды зерттеп жүрген жас ғалымдарымызға тамаша мүмкіндік берді»,-деп атап өтті.
Баяндама бөлімінде сөз алған, Философия ғылымдарының докторы, Бурса Улудаг университеті теология факультетінің профессоры, Үлкен әл-Фараби алтын медалінің иегері Яшар Айдынлы: "Әл-Фараби Аристотель мен Платоннан қалған дәстүрді сол күйінде жеткізген жоқ, өзгеше ислами рухпен қайтадан түрлендіріп, жаңғыртып, біздің сарқылмайтын мұрамызға айналдырды. Бұл сондықтан да біздің мақтанышымыз. Әл-Фараби еңбегінің арқасында көптеген ғалымдар өсіп шықты. Әл-Фараби теология және құқық саласына көптеген жаңалықтар енгізді. Біз қазір, латын, еврей тілдерін білетін мамандарға мұқтажбыз. Өйткені, Еуропаның көптеген университтерінде Әл-Фарабидің осы тілдегі еңбектері жоғары оқу орындарында оқытылып жатыр. Мәслен, Әл-Фарабидің «Ғылымдардың калассификациясы» еңбегі іргелі оқулық ретінде оқытылады. Қазақстанда Әл-Фараби туралы мектептен-университетке дейін оқытады. Мен осыған ерекше риза болдым. Бұл үрдіс, игі іс арықарай да жалғасып кетуі керек",-деп өз пікірімен бөлісті.