Тарих тұғырындағы тұлға !

2 қараша, 2020

  Шығыстанушы, ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан ҰҒА-ның коррепондент-мүшесі, ұзақ жылдар бойы ҚР ҰҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтында қызмет жасаған, 1997 жылдан осы академия жанындағы Халықаралық қыпшақтану орталығының директоры лауазымын атқарып келе жатқан Болат Ешмұхамбетұлы биылғы жылы өнегелі өмір жолының жаршысы іспетті 80 жастың сеңгіріне аяқ басты. Айтулы датаға сәйкес, тарихшы қауымның ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың қазан айының 27 ші жұлдызында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғимаратында «Қыпшақтану – еуразиялық масштабтағы тұжырымдамалық ғылыми-бағыт» атты халықаралық ғылыми-теориялық онлайн-конференция өткізілген болатын. Әль-фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Халықаралық Қыпшақтану институты мен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қызметкерлерімен қатар және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конференцияның өз деңгейінде өтуіне атсалысты.

Қыпшақтану саласы бойынша қалыптасқан ғылыми бағытты онан әрі дамытып, Орта Азия мен Шығыс Еуропадағы және Таяу Шығыстағы қыпшақ тайпаларының өзара байланысын зерттеп, оны ортағасырлық дәуірдегі халықаралық байланыстың ерекші үлгісі ретінде көрсете білген ғалымның құрметіне ұйымдастырылған конференцияда бірінші болып сөз алған ҚР ҰҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының директоры м.а., тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан ҰҒА-ның коррепондент-мүшесі Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы ғалымның адами болмысымен қатар, ғылымға аяқ басу сатысының әрбір аспектілерін талдап, ғалымның 400 ден астам ғылыми еңбектерінің бірнешеуін қатысушылар назарына ұсынды.

Халықаралық қыпшақтану ортасы Мысыр, Сауд Арабиясы, Ливия, Түркия, Иран, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Украина, Армения секілді елдердегі ортағасырлық этностар тарихын зерттейтін ғалымдармен тығыз байланыс орнатқан Болат Ешмұхамбетұлының аталмыш шарасына Қазақстандық белді тарихшылармен қатар, алыс, жақын шет елдерден де бір топ тарихшылар тобы қатынасып, арнайы дайындалған баяндамаларын оқып, жүрек жарды лебіздерін жеткізді.