ҚазҰУ-да Тұңғыш Президентінің залы ашылды

12 қараша, 2020

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың залы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ашылды. Шара елімізде 1-ші желтоқсанда атап өтілетін ҚР Тұңғыш Президенті күніне орайластырылған. Оған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов, ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов, университет ғалымдары, қоғам және масс-медиа өкілдері қатысты.

Зал ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған ел тәуелсіздігінің қалыптасуы мен нығаюының тарихы туралы материалдар жинақталған ағарту орталығы болып табылады.

     Зал қорының негізгі дерек көздерінің бірі – Елбасы кітаптары мен Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарына арналған тарихи зерттеулерден тұратын материалдар. Онда Ұлт Көшбасшысының мектеп және студенттік жылдардағы, еңбек жолы мен қоғамдық-саяси қызметі туралы фотосуреттер, картиналар, мұрағаттық құжаттардың көшірмелері, баспа басылымдары мен шығармалары, бейнефильмдер кеңінен ұсынылған.

Еліміздің жетекші жоғары оқу орнының қабырғасында залдың құрылуы аса маңызды тәрбиелік мәнге ие, себебі Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өмір жолы еліміздің жас ұрпағына Отанға қалтқысыз қызмет етудің және патриотизмнің жарқын үлгісі болып табылады.

Іс-шараға қатысушылар 2014 жылдан бері ҚазҰУ басқарып келе жатқан Тұрақты даму бойынша БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабының жұмысымен, әл-Фараби мұражайымен, сирек кітаптар мен қолжазбалар қорымен, «Ұлы даланың жеті қыры» және «Мәңгілік ел» экспозицияларымен, Алаш және Абай залдарымен танысты.

Іс – шара барысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Елбасы Кеңсесінің Басшысы, саяси ғылымдар докторы, профессор М.Б. Қасымбековтың басшылығымен авторлық ұжыммен құрылған 100 бірегей кітапты университетке сыйға тартты.

«Бүгін біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қонақтары емеспіз. Көптеген жылдар бойы біз – университеттің серіктестеріміз, – деп атап өтті өз сөзінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов. – Бірнеше жыл бұрын Н.Назарбаев ҚазҰУ – да «Қазақстан дағдарыстан кейінгі әлемде: болашаққа интеллектуалдық серпіліс» атты дәріс оқыды, ол «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың әлемнің жетекші университеттеріндегі дәрістері кітабына» енгізілген. Ұлт Көшбасшысының мұрасы – Отанымыздың болашағының іргелі негізі. Осы залға келген ЖОО-ның әрбір студенті мен қонағы өзін-өзі дамыту үшін зор қуат алатын болады. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің үлгісі қуатты және өршіл рухты қазақстандықтардың жаңа буынын дамытуда бағдар болады».

ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов құрметті қонаққа Тұңғыш Президенттің тақырыптық залын құрудағы көп жылғы ынтымақтастығы мен қолдауы үшін алғысын білдірді. «Бұл залдың құндылығы – Елбасының қызметі туралы орасан зор ақпарат пен Қазақстанның жаңа тарихы жөніндегі мәліметтерді қамтитын бірегей басылымдардың біздің магистранттар мен докторанттарға қолжетімді болуында. Мұнда ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар, сарапшылар қауымдастығының, мәдениет және білім беру саласының ғалымдары мен мамандарының кездесулері өтеді», – деп атап өтті ректор.

www.kaznu.kz