Куратор-эдвайзер жұмысын жандандырған семинар-тренинг
Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Куратор-эдвайзер кеңесі мен Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту департаментінің ұйымдастыруымен семинар-тренинг өтті. Бекмаханов дәрісханасында өткен семинар-тренингке университет факультеттеріндегі куратор-эдвайзерлер қатысты.
Семинар-тренинг модераторы Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту департаментінің директоры Г.Ә.Сәрсенбекова кіріспе сөзінде 2010 жылдың желтоқсан айынан бері қарқынды жұмыс бастаған куратор-эдвайзерлер жұмыстарындағы жетістіктерге тоқталғаннан кейін әлі де жетілдіріп жандандыруға тиіс тұстарды атап өтті. Мәселен, сабақ кестесіндегі кураторлық сағаттардың өткізілу сапасы, куратор-эдвайзерлердің топ активтерімен жұмысты ұйымдастыруы, университеттегі жаңа бастамаларды тез арада топ студенттерімен талқылап, пікір бөлісуі бірізділендірілу керектігін айттты. Сонымен қатар «Ең үздік куратор-эдвайзер» байқауы, «Ақсақалдар кеңесі», «Ардагерлер кеңес»-мен бірлесе өткізілетін шаралармен қатар «ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына – 20 инновациялық жоба» бағдарламасы аясында атқарылуға тиіс нақты іс-шаралар жоспарына тоқталып өтті.
Сондай-ақ, қарашаңырақтың ұлттық ғылыми университетке айналу жолында ректор Ғ.М. Мұтанов айқындаған: инновациялық білім беру, инновациялық инфраструктура, заманауи ұжымдық мәдениет, бәсекелестік орта және заманауи басқару жүйесі сияқты бес жағдай да семинар барысында талқыланып, Студенттік өзін-өзі басқару жүйесінің кемелдендіру де өзекті мәселелердің бірі ретінде айқындалды.
Бүгінде университетте куратор-эдвайзерлер жұмысын сапалы ұйымдастыруда әдістемелік көмекші құрал-нұсқаулармен қамтамасыз етілу жағы да жолға қойылып келеді. Олардың қатарында бүгінгі күнге дейін екі тілде жарық көріп, электрондық нұсқасы департамент сайтындағы «куратор-эдвайзер мектебіне» енгізілген:: «Куратор-эдвайзерге арналған әдістемелік құрал», «Кураторлық сағат өткізу технологиясы», «Тәрбие үдерісіндегі куратор-эдвайзердің рөлі мен қызметі», «Куратор-эдвайзер журналы» т.б жинақтарды атауға болады. Жаңа оқу жылынан бастап журналдың электрондық нұсқасымен қатар «Куратор-эдвайзер хабаршысы» жарық көруін қамтамасыз етуде жұмыстар ұйымдастырылуда.
Бәсекеге қабілетті маман қалыптастыру оқу-тәрбие жұмысының дұрыс жүргізілуіне де байланысты. Куратор-эдвайзер осы саладағы басты тұлға. Бүгінгі өткізілген семинар-тренинг осындай маңыздылықты насихаттай түсті. Семинар педагогика кафедрасындағы оқытушылар Ұ.Б.Төлешова мен Н.С.Әлқожаева жүргізген «Топ белсенділерін таңдау әдістері», т.б. тақырыптағы іскерлік және психологиялық-педагогикалық бағыттағы танымдық ойындармен жалғасты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі