ҚазҰУ-ға ҚР Еуропалық Одақ өкілдігінің басшысы келді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов Еуроодақтың Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің басшысы, Елші Норберт Жустенмен кездесті.
Кездесу барысында екіжақты ғылым-білім кеңістігіндегі тығыз әріптестік байланыс және алдағы уақытта әріптестікті одан әрі дамыту жолдары қаралды.
Ғ.Мұтанов университеттің ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметтері туралы егжей-тегжей айтып, елші назарын жоғарыбілікті мамандар даярлау сапасын арттыруға, ғылыми кадрларды дайындауда жүйені жақсартуға, жетекші технологиялар мен оқытудың әдістемесін дамытуға аудартты.
Әңгімелесу барысында ҚазҰУ ректоры ел Президенті Жолдауында көрсетілгендей, - екі жоғары оқу орны әлемдік үздік университеттер рейтингісіне ену, ЖОО-ның бес пайызы инновациялық қызмет атқарып, ғылыми зерттеулер нәтижесін өнімге енгізу қажет деп аталған талаптарды орындау университет алдындағы басты бағыт екендігін айтты. Бүгін ЖОО алдындағы басымдылық оның ұлттық зерттеу университетіне айналу жолдындағы бағыттары болып табылады.
Жүздесу барысында Еуроодақ өкілдігінің басшысы Қазақстанмен ғылым және білім кеңістігіндегі әріптестік маңыздылығын тілге тиек етіп, ҚазҰУ – Еуроодақтың ең белсенді қатысушысы болатындығына сенім артты. Өз кезегінде Н.Жустен өзара әріптестікке даңғыл жол ашатын «ТЕМПУС» және «ЭРАСМУС МУНДУС» бағдарламаларына кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар, ол халықаралық «Біліктілік орталығы» (Center of Excellence) ашылуына ой тастап, бұл орталық Азияға қауіп төндіретін биологиялық, химиялық және ядерлік қатерлерден сақтану жолдарын зерттеуге арналатындығын айтты. Сондай-ақ, Н.Жустен құрылғалы отырған орталықтың Алматы қаласында орналасуын құптады. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ғылыми-зерттеу базасы жоғары және кәсіби кадрларымен ерекшеленетін білім ордасы ретінде бұл орталықтың құрылуына зор үлес қоса алатындығын айтты. Н.Жустен университет ұжымын және ректорды Наурыз мерекесімен құттықтап, алдағы жоспарлардың жүзеге асуына сәттілік тіледі.
Университетке арнайы келген Еуроодақтың Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің басшысы халықаралық қатынастар факультеті студенттеріне дәріс оқып, студенттер тарапынан Қазақстандағы Еуроодақ қызметі бойынша қойылған сұрақтарға тыңғылықты жауап берді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі