"Алматы ақшамы" қоғамдық-саяси газет

17 наурыз, 2011

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің шет ел азаматтарына арналған дайындық факультетіндегі «Парасат» жас әдебиетшілер клубының ұйымдастыруымен М.Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына орай «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты жыр кеші өткізілді.

Алдымен факультет тыңдаушысы Жазигүл Қанаш ақын өмірі мен шығармашылығына байланысты баяндама жасады. Осыдан соң, қазақ топырағынат табандарының тигендеріне 4 ай болған ауған жастары ақын өлеңдерін тебірене жырлап, өзара сайысқа түсті.

Өзара сынға түскен 13 тыңдаушы жастың ішінен Хорун Корризадаз – бірінші орынды, Сайд Ахмал Хусайн, Мохаммед Найм Мохамади – екінші орынды, Абдулла Ахмади мен Мохаммед Риза Ризай – үшінші орынды иеленді. Ауған жастарының қазақ ақынына деген құрметі барлық жырсүйер қауымды риза етті. Жыр кешінің соңында дайындық факультетінің деканы Ж.Молдағалиева сөз алып, тілді енді ғана меңгеріп жатқан ауған жастарының қазақ тіліне құрметі мен Мұқағали өлеңдеріне шексіз махаббаттары үшін ризашылығын білдірді.

Кешті тамашалаған факультет профессорлары Қ.Аққошқарова, «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі Ә.Байбол, «Парасат» клубының жетекшісі Ж.Ибраимова мен Р.Жүсіпбаева, клуб модераторы Д.Тұрсынқұлов жеңімпаз жастарды құттықтап, мақтау қағаздарын табыс етті.