"Алаш айнасы" республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық газет
«Мұзбалақ» жас ақындар клубының ұйымдастыруымен жуырда ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде есімі елге танымал ақындар Аманхан Әлімұлы мен Бауыржан Қарабекпен кездесу кеші өтті.
«Қозғалды көкірегімнен өлең көші...» атты поэзия кешінде ақындар өлең оқып, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Студент шақтағы қызықты окиғалары мен поэзия жайлы тұщымды әңгімелер айтты. Аманхан Әлім: «Менің сендерден артықшылығым әрі бір бақытым алдағы ағаларыммен жақын араласқаным» дей келе, Тоқаш Бердияров, Қуандық Шаңғытбаев, Тәкен Әлімқұловтың ғибратты ғұмырлары жайлы естеліктер айтты. Бауыржан Қарабек инженер мамандығын алса да, ақынның ақын болып туатынын өлеңдерімен оқырман қауымға дәлелдеді. «Ыңғайға жығылу, үндемей қоя салу Аманханға мүлде жат. Өлең үшін кіммен болса да жаға жыртысуға дейін барады. Ұлт пен өлең – ол үшін бөлек бір әлем» деп Есенғали Раушанов айтқандай, ақын ағамыз өлеңге адалдық тұрғысында мазмұнды, мағыналы дүниелерді қаузады. Ағалар ақын боламын деген жастардың үміт-шырағын жандырғандай болды.
Бауыржан Әліқожа