Қабілеттілікке жетелейтін құжат жобалары талқыланды

18 наурыз, 2011

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың гуманитаризациялау жөніндегі кеңесінің отырысы өтті. ҚазҰУ ректоры және университеттегі гуманитарлық кеңес мүшелері қатысқан бұл отырыстың күн тәртібінде ҚазҰУ оқытушылары мен қызметкерлерінің корпоративтік мәдениет кодексі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студентінің ар-намыс кодексі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің корпоративтік этика кодексі және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ОПҚ туралы Ереже сияқты құжаттардың жобасы талқыланды.

Ұжымдық мәдениет пен гуманитаризацияны дамытып, жетілдіруде маңыздылыққа ие құжаттардың жобасын ұсынған кеңес мүшелеріне ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов: “Бұл ұлттық зерттеу университетіне айналу жолында жасалынып жатқан бірегей жоба. Бұл құжаттар озық дәстүрлер мен инновациялық жаңару үрдістерін қамтуы керек”, - дей келе, жасалынып жатқан құжаттардың бірізділігі мен мазмұндылығына жете мән беруді айтты. Өз кезегінде бәсекеге қабілетті маман даярлауына ұйытқы болатын құжаттарды жасауды біріге атқаруға шақырды.

Отырыс барысында кеңес мүшелері ұсынылған жобалармен мұхият танысып, олардың арасында қажет ететін тұстарын тағы бір кезек пысықтап, жетілдіруді ұсынды. Отырыста білімді гуманитаризациялауды қамтамасыз ететін білім беру бағдарламаларының модульдері бойынша жасалынып жатқан жұмыстар да талқыланды.

ҚазҰУ-дың гуманитаризациялау жөніндегі кеңесінің отырысында белгілі болғандай алда бұл сұрақтар бойынша тағы да жиын өтіп, жоғарыда аталған құжаттардың пысықталған нұсқасы қарастырылмақ.

Кеңес мүшелері мен арнайы комиссия болып құжаттарды бекіткеннен кейін Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында кеңейтілген Ректорат мәжілісі ұйымдастырылып, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттерге ҚазҰУ оқытушылары мен қызметкерлерінің корпоративтік мәдениет кодексі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студентінің ар-намыс кодексі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің корпоративтік этика кодексі және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ОПҚ туралы Ереже сияқты құжаттар ұсынылмақ. Бұл өз кезегінде көшбасшы университет талаптары мен міндеттерін анықтап, адам капиталын дамытуға үлес қоспақ.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі