Қазақстанның тұңғыш Президентінің қызметіне арналған «Нур ас-султа фи Қазақстан» кітабының тұсаукесері

3 ақпан, 2009

Жақында ҚазҰУ-да  белгілі араб саясаттанушысы Маджид бен Абдель ат-Туркидің «Нур ас-султа фи Қазақстан» («Қазақстандағы билік нұры») атты кітабының тұсаукесері өтті.

Тұсаукесер рәсімінде кітаптың авторы Сауд Аравия Корольдігінің ислам істері, вакуфы және шақырулары министрінің кеңесшісі, саяси ғылымдардың докторы Маджид ат-Туркидің өзі қатысты.

Тұсаукесерде алғысөзді алған университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов басылымның маңыздылығына тоқталды:

         - Кітап  Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен болып жатқан саяси және экономикалық реформаларды терең талдауымен құнды. Автор Президент жайлы және оның халықаралық деңгейдегі бастамаларының нәтижесінде Қазақстан әлемде үлкен болашағы бар демократиялық мемлекет ретінде қалыптасқандығы туралы объективті әрі қызғылықты баяндап бере алды.

         Автордың айтуынша, Қазақстанның азаматтық қоғамды құрудағы және экономикалық дамудағы ілгерілеуі бұл кітапты жазуға түрткі болды.

          «Қазақстандағы билік нұры» деп жарияланған кітапқа алғысөзді Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ханзада Сауд әл-Фейсалдың өзі жазуы Президент Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгерлік саясатына жоғары баға беруі болып табылады. Кітапта Елбасы және Азамат жайлы, Қазақстанның қазіргісі мен болашағы туралы мәліметтер көптеп кездеседі. Автор республикадағы келісім мен татулықтың себептерін талдап, Қазақстанның сыртқы саясаты мен Сауд Аравиямен нық байланысын талдап-сараптаған. Басылымда сонымен қатар, Президенттің және оның мемлекет басшыларымен түскен сирек фотосуреттері кездеседі.

         Болашақта кітап авторы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті араб тілі және әдебиеті кафедрасының оқытушыларының атсалысуымен қазақ тіліне аударып, басып шығаруды жоспарлап отыр.

 

 

             

ҚазҰУ баспасөз қызметі (727) 247 05 67