ҚазҰУ-да “Студенттік көктем – 2011” көркемөнерпаздар байқауы басталды

29 наурыз, 2011

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған “Студенттік көктем - 2011” көркемөнерпаздар байқауы басталды. ҚазҰУ-дың Тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өтіп жатқан өнер байқауында университеттегі факультеттер мен колледж студенттері өз шеберліктері мен таланттарын паш етті. Мұнда өнерпаздар түрлі халық биі, заманауи би, классикалық би, кешті жүргізу шеберлігі, ерекше өнер, авторлық шығармашылық сияқты өнер түрлерінен бақ сынасты.

2000-нан аса студент өнер көрсетіп жатқан байқауда ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап авторлық өлең туындылары оқылды.

Осы орайда ҚазҰУ-дың Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту жөніндегі департамент директоры Гүлнар Әлібекқызы: “Биылғы Жолдауда Елбасы әлеуметтік жаңғыру мәселесін алға қойып отыр. Бүгінгі “Студенттік көктем – 2011” көркемөнерпаздар байқауы сол талаптарды орындау барысында атқарылып жатқан бірегей шара. Бұл байқау университет студенттерін мықты маман етіп даярлаумен қоса, шығармашылығын дамытып, жан-жақты, рухани дамыған бәсекеге қабілетті тұлға етіп қалыптасуына үлес қосады”, - деп байқаудың студенттік өмірдегі маңыздылығына тоқталып өтті.

“Студенттік көктем – 2011” байқауында өнерпаздар талантын бағалайтын әділ-қазылар құрамында қазақ эстрадасының әншілері Ақжол Мейірбеков, Ақбота Керімбекова, “Бақыт” би тобының жетекшісі Галия Есмұханбетова секілді өнер саңлақтары бар.

10 түрлі аталым бойынша өнер көрсетіп жатқан жастар алда ұлттық аспапта ойнау, өлең айту, жыр оқу сияқты талаптарда өз таланттарын паш етпек. Гүлнар Әлібекқызының айтуынша, екі күнге жалғасатын өнер байқауының қортындысы алдағы халықаралық жастар форумында үлкен гала концерт ретінде ұсынылмақ. Бұл форумда әлемнің 37 елінен белсенді жастар келеді деп күтілуде.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі