Саясат Нұрбек ҚазҰУ студенттерімен кездесті
29 наурызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерінің халықаралық «Болашақ» бағдарламасы орталығының президенті Саясат Нұрбекпен кездесуі өтті. Кездесуді ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы ашты. «Саясат Нұрбек бүгін біздің университетке арнайы келіп отыр, «Болашақ» бағдарламасы аясындағы жаңа өзгерістер мен толықтырулар туралы толық ақпарат береді, өздеріңіз тараптарыңыздан туындаған сұрақтарыңыз болса, осы сәтте бетпе-бет жауап алу мүмкіндігі бар. Қазір шетелдік тәжірибе студенттерге өте керек, алдағы уақытта «Болашақ» бойынша шетелге оқуға барып, өз білім деңгейлеріңізді көтереміз деушілерге, университет тарапынан әрқашан қолдау болады дегім келеді, бүгінгі аға буын орнын ертең сіздер студенттер басасыздар, ол үшін жан-жақты білімді болу басты бағдар, біздің 10-20 жылдан соң кадрлық құрам қандай болады соған қазірден зер салсақ, жоспар жасасақ, негізгі мақсат маман даярлау болғандықтан, осы бағдарламамен тығыз қарым-қатынас орнатып, сіздерге беріліп тұрған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» өз біліктілігінің арқасында университет сенімін ақтайды деген үміттеміз», - деді ректор.
Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасы бойынша жаңалықтармен таныстырды. Биылғы жылдан бастап, бакалавриатта оқитын студенттерге «Болашақ» бағдарламасымен шетелге бару мүмкіндігі жоқ. Магистратура мен докторантура, оқытушылар мен жас ғалымдарға шетелде оқу мүмкіндік жоғары. «Болашақ» бағдарласмасы ол үшін көп жеңілдіктер жасап отыр. Стипендия бөлуде де жас ғалым-мамандарды шетелге жіберу жолдарын қарастырып отыр. Саясат Нұрбек студенттерге шетелден келіп, университетте дәріс оқып жүрген ұстаздармен тығыз қарым-қатынасты орнатып, байланысты үнемі жүргізіп отыру керектігін ескертті. «Болашақ» бағдарламасының стипендиясына екі жолмен қол жеткізуге болады, бірі өз бетінше шетелдің жоғарғы оқу орнына түсу болса, екіншісі – байқау арқылы стипендияны иелену. Өз бетінше шетелдік оқу орындарына түсетін студенттің емтиханда жазған эсселерін тексеретін де осы біздің жоғарғы оқу орындарына келіп жүрген оқытушылар болғандықтан, студент өзінің бәсекеде жеңу жолының бірі оқытушы шетел ғалымдарымен байланыста болып табылады.
2010 жылғы грант көрсеткіштеріне көз салсақ, «Болашақ» бағдарламасы стипедиясына барлығы 3589 өтініш қабылданып, 933 студент стипендия иегері атанған. «Болашақ» бағдарламасының екінші маңызыд бағыты – квота. 2010 жылы 30 стипендия – ауыл жастарына, 71 стипендия – мемлекеттік орындардағы қызметкерлерге, 6 стипендия – ғылым мен педагогикалық саладағы қызметкерлерге, ғылыми іс-тәжірибеден өту үшін – 78 стипендия берілген. Сондай-ақ, оқытушы-профессорлық құрамға көптеген жеңілдіктер жасалуды, жас шектеуі жоқ, қарастырылатын стипендия саны да жылдан-жылға артуда.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі