ҚазҰУ студенттері ардагерлерге көмектесуде

3 ақпан, 2009

Күз мезгілінің жайма-шуақ күндерінің бірінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенттері таңертеңнен бастап Ардагерлер үйіне аттануға жиналды. Көптен күткен бұл күнге аса мән қойып дайындалған ерікті-студенттер Қарттар күніне арналған айлықпен шектелмей, шынайы көмектерін беруді қажет деп санады.

─ Жастардың белсенді өмірлік ұстанымы студент кезден бастап байқалады. Әрқайсымыздың апа-аталарымыз бар. Қартайғанда оларға да біздің қамқорлығымыз керек.  Сондықтан Ардагерлер үйіне баруды жөн көрдік, - деді Жастар ұйымы комитетінің жетекшісі Марат Оралғазин.      

Университеттегі Жастар ұйымының комитеті осы талапты жүзеге асыруды өз қолына алды. Аталмыш ұйым әлеуметтік әріптестік пен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасу салтын сақтап, сол бағытта дамып келеді. Ұйым белсенділері мұндай жиындарды жиі өткізуді көздеп отыр. Сондықтан олар ең алдымен Ардагерлер үйін көріктендіру мақсатында территория аумағын тазалап, ағаш отырғызып ағартты. Кездесу барысы әрі қарай студенттердің концертімен жалғасты. Қарттар мен студенттер бірлесіп ән айтып, би биледі. Концерт аяқталғаннан кейін студенттер қарттарға арнап дастархан әзірледі. Дастархан басында жастар мен қарттар бас қосып әңгіме-дүкен құрды. Дегенмен де, студенттер қарттарға құр қол барғаннан гөрі аз-маз сыйлық алып баруды жөн көрді. Студенттердің игі бастамасына аға буын да, атап өтсек, қалалық мәслихаттың депутаты Үскенов Қ.Қ. қолдау көрсетті. Қуанышында шегі жоқ қарттар студенттерге алғыстарын айтып, баталарын беріп жатты. Ардагерлер үйінің директоры Батай Маманов та  студенттерге ізгі тілегін білдіріп, осындай мерекелік кештерді жиірек ұйымдастырып тұруға шақырды. Сөйтіп, «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» атты қызылды-сарылы футболка киген студенттер Ардагерлер үйін осылайша бір гүлдендіріп қайтты.       

 

 

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі