ҚазҰУ-дың ғалымдары мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны талқылады
Республика Күнінің қарсаңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «ҚАЗАҚ ССР-нің МЕМЛЕКЕТТІК ЕГЕМЕНДІГІ ТУРАЛЫ ДЕКЛАРАЦИЯ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ САЯСИ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТАРИХЫНДАҒЫ ОРНЫ» атты "дөңгелек үстел" өтті.
Аталмыш жиын университеттің құқықтық және даму саласының проректоры Нұрлан Ыбырайымның алғысөзімен ашылды. Өзінің алғысөзінде алғашқы тарихи құжаттың маңыздылығын жиын қатысушыларына айтып қана қоймай, болашақ ұрпаққа жеткізуді де талап етті.
Ой-толғау шеңберінде егеменді Қазақстан мемлекетінің қалыптасу және даму тарихы, мемлекеттік органдардың ролі және орны, Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін және тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі кейбір мәселелер, қоғамның саяси жүйесін демократияландыру үрдісінің құқықтық аспектілеріне қатысты мәселелер қарастырды.
Ой-толғау барысында ғылыми диалогта құқық пен мемлекет теориясы саласындағы жетекші мамандармен бірге Қазақстан егемендігінің негізін қалауға және заңдық мәртебесін дайындауға үлес қосқан заң ғылымдарының отандық майталмандары қатысты. Қазақ ССР мемлекеттік егемендігі туралы Декларация жобасының авторларының бірі, ҚР ҰҒА-ның академигі, з.ғ.д., профессор С.С. Сартаев баяндаманы оқыды.
─ Декларацияда біз қандай мемлекет құруымыз керек екендігі көрсетілген және осындай тарихи құқықтық актілердің арқасында болашақта мемлекетіміз бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіреді, - дейді Сұлтан Сартайұлы өз сенімін білдіріп.
Сонымен қатар, ҚР Конституциясы жобасының авторларының бірі, «ҚазГЗУ» АҚ-ның мемлекет және құқық институтының директоры, ҚР ҰҒА-ның академигі, з.ғ.д., профессор Ғ.С. Сапарғалиев пен С.Сәбікенов те қатысты. "Дөңгелек үстелге" Қазақстанның белгілі ғалымдары, ұлттық университеттің профессорлары мен оқытушылары, қалалық мәслихаттың депутаттары, студенттер қатысты.
Талқылау нәтижесінде Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациядағы идеяларды насихаттау үшін студенттер арасында идеологиялық және тәрбиелік жұмысты жетілдіру ұсыныстары қабылданды.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі
(727) 247 05 67