Наурыз мейрамы ҚазҰУ-да биік мәртебеге ие
Ректорат мәжілісінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Наурыз мейрамын тойлау бағдарламасы таныстырылды. Тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева Ректорат мүшелерін университеттің мейрамға дайындығынан хабардар етті. Проректор 4-9 сәуір аралығында «Наурыз – тіршіліктің жаңаруы» атты тазалық апталығы және 10-сәуірде «Қош келдің, әз-Наурыз» сахналық қойылымы өтетіндігін хабарлады. Өндіріс департаментінің директоры Мұрат Нұрғазин университет қызметкерлерін тазалық жүргізетін аймақтар кестесімен таныстырды.
«Наурыз – ең алдымен рухани мереке. Тазару, жаңару идеясы. Сол себепті де мейрамды тазалық апталығымен бастап, сенбілікпен ұштастырамыз. Одан кейін 10-сәуірде киіз үй тігіліп, наурыз думан тойын жасаймыз», - дейді ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.
4-9 сәуір аралығында жүргізілетін тазалық апталығы 9-сәуірде жалпыуниверситеттік сенбілікпен қорытыланады. Мұнда университет бөлімшелері арасында «Ең таза аймақ» байқауын жарияланады.
10-сәуірде сағат Ө. А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы алаңында «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік қойылым басталады. Одан кейін «Жастар ауылындағы» наурыз-думанға ұласып, Жастар би кеші және 3D форматтағы шоу, Отшашумен мереке қорытындыланады.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі