Шығыстану факультетінде «Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы» тақырыбына дәріс оқылды

6 сәуір, 2011

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20-жылдығы мерекесіне орай шығыстану факультетінің ирантану және үндітану кафедрасы өз тарихындағы алғашқы парсы тілін апталығын ел тәуелсіздігі мерейтойына арнауға ұйғарды.

Апталықтың 3-күні Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (КИСИ) сыртқы саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Әуелбаев Болат Әлімханұлы «Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы» атты тақырыпта факультет студенттеріне дәріс оқыды.

Дәрісте бұл ұйымның құрылу тарихы, құрылымы, оның міндеттері, оған мүше елдер, ұйымдағы донор елдер, ұйымға төрағалық барысындағы Қазақстан Республикасының күн тәртібіне қоятын мәселелері туралы жан-жақты айтылды. Кездесудің екінші бөлігі сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Студенттер дәріске аса қызығушылық танытып, дәріскерге өз көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Студенттерді ұйымның қаржыландыру көздері, ұйымның өз тарихында қол жеткізген жетістіктері, ұйымның ислам мемлекеттерінің ішкі саяси мәселелеріне араласу, араласпау мәселесі, ұйымның батыс мемлекеттерімен қарым-қатынасы мәселелері қызықтыратын болып шықты. Кездесу аса қызықты өтті. Кафедра басшылығы кездесу соңында студенттер атынан тартымды, қызықты дәріс үшін қонаққа алғыс білдіріп, болашақта да КИСИ-дің жетекші ғалымдарымен әртүрлі тақырыптарға кездесулер өткізуге әрқашан мүдделі екендіктерін жеткізді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі